Тамыз айының басынан бері Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны айтарлықтай баяулады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZсайтына сілтеме жасап.
Егер екінші тоқсанда азық-түлік инфляциясы мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының айырмасы 4,6 пайыздық пунктті құраса, бүгінде бұл алшақтық 2,9 пунктке дейін қысқарды. Тек шілде-тамыз айларында азық-түлік бағасының өсуі 1,2 пайыздық пунктке жетті, ал тамызда азық-түлік инфляциясы бар болғаны 0,5% болды. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлармен салыстырғанда екі есе, ал қызметтермен салыстырғанда үш есе төмен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше көңіл бөлінуде. Азық-түлік қоржынына 160 атау кіреді, оның ішінде тек 19-ы мемлекеттік реттеуге жатады. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) баға индексі 108%-ды құрады, алайда тамыз айында өзгеріссіз қалды, ал қыркүйектің үш аптасында бар болғаны 0,2%-ға өсті.
Әсіресе көкөністе оң динамика байқалады. Тамыз айының басынан бері бағаның өсу қарқынын орта есеппен 2,5 есеге төмендету мүмкін болды. Мәселен, шілдеде картоптың келісі 300 теңге болса, бүгінде 184 теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырғы деңгейден де төмен. Сәбіз 295 теңгеден 193 теңгеге, пияз 222 теңгеден 137 теңгеге арзандады. Басқа да негізгі өнімдерге баға тұрақты. Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы небәрі 5,3%-ға өсті, бұл қалыпты көрсеткіш болып саналады. Қарақұмық 8,9%-ға қымбаттады, бірақ оның қоржындағы үлесі аз болғандықтан, жалпы индексіне әсері мардымсыз. Бұдан бөлек, рожки, ұн және күріш секілді тауарлар былтырғыдан арзан.
Өзге елдермен салыстыру үшін мына деректер ұсынамыз. Бүгінде Қазақстанда сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір килограмының орташа бағасы 4 715 теңгенң құрайды. Салыстыру үшін: Ресейде 10 180 теңге, Өзбекстанда 5 227 теңге, Арменияда 5 112 теңге, Тәжікстанда 6 070 теңге, Беларусьте 4 480 теңге. Осылайша, өңір елдерінің басым бөлігімен салыстырғанда, Қазақстандағы баға ең қолжетімді деңгейде қалып отыр.
Осылайша, жекелеген қиындықтарға қарамастан, жалпы азық-түлік инфляциясы баяулап, негізгі әлеуметтік өнімдердің бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік болып отыр. Қазақстан ЕАЭО елдері арасында ең қолжетімді азық-түлік қоржындарының бірін сақтап отыр және бұл жұмыс азаматтардың игілігі үшін жалғастырылады.
Пікірлер