Былтыр Қазақстанда қызылша ауруы қатты өршіп, салдарынан 21 адам қайтыс болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді.
- Қазақстанда 2023 жылы қызылша ауруы өршіді. 10 мыңнан астам адам ауырды, 21 науқас қайтыс болды. Тек Астананың өзінде екі мыңға жуық балаға инфекция жұқты. Бұл – егер екпе толық қамтылғанда, алдын алуға болатын қайғылы жағдай. Жұқпалы аурулардың өршуі үш шарт орындалғанда ғана мүмкін: инфекция көзі бар, оны тарату жолы белсенді және жеткілікті осал топ қалыптасқан, яғни екпе алмаған адамдар бар. Бүгінде дәрігерлер мен эпидемиологтар анық көріп отыр: қызылшаның қазіргі өршуі екпеден бас тарту мен жеткіліксіз қамтылудың салдары, - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Айтуынша, көптеген ата-ана маман болмағандықтан, баласының ауруын екпемен байланыстырады.
- Баланың өмірінің алғашқы жылдарында тыныс жолы немесе ішек инфекциясын жиі жұқтыратыны қалыпты жағдай. Егер сәби екпеден кейін бір аптадан не бір айдан соң ауырса, бұл екпенің кесірінен болды дегенді білдірмейді. Ежелгі грек даналығы былай деген: «кейін болған нәрсенің бәрі – содан болды дегенді білдірмейді». Көп жағдайда бұл тек уақыт жағынан сәйкес келу ғана, - деп атап өтті Жанна Пірәлиева.
Айта кетейік, Қазақстанда вакцинадан кейінгі кез келген қолайсыз жағдайды тіркеудің нақты жүйесі бар. Әрбір адам екпеден кейінгі жеңіл белгілерді – ине салған жердің қызаруы мен ауыруын, қысқа мерзімді қызу туралы хабардар ете алады.
- Бұл қалыпты құбылыстар және иммунитеттің қалыптасуымен байланысты. Әрбір жағдай арнайы мамандармен тексеріледі, тәжірибе көрсеткендей, басым көпшілігінде екпемен себеп-салдарлық байланыс анықталмайды. Балаларыңызға екпе жасатпау арқылы сіздер оларды өлімге әкелуі мүмкін қауіпті аурулармен бетпе-бет қалдырасыздар және айналаңыздағы адамдарға қауіп төндіресіздер. Вакцинация – бұл қауіп емес, ол уақыт пен ғылым дәлелдеген қорғаныс, - деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Пікірлер