Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар.
Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.
Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.
Сондай-ақ PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Cтивен Кихо келесі жылы Қазақстанда снек шығаратын ең үлкен зауыттың бірі ашылатынын айтты.
- Президент мырза, қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі Нью-Йорктегі жұмыс күніңізді бізбен кездесуден бастағаныңызға ерекше қуаныштымыз. PepsiCo компаниясының Қазақстанға салған инвестициясы – біздің ең маңызды әрі мақтан тұтатын жобаларымыздың бірі. Бұл біздің экожүйеміздегі снэк шығаратын ең үлкен зауыт санатында болады. Біз өндірістің тезірек ашылып, толық іске қосылуын асыға күтеміз. Зауыт келесі жылы маусым айында ашылады деп үміттенеміз, - деді ол.
Пікірлер