Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Моника Иверсенмен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, түрлі салада бірлесе жұмыс істеу жайында сөз қозғады.
- Еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы біздің өңірде шоғырланған. Түрлі минералдарға бай облыстың тамылжыған табиғаты туризм саласын дамытуға да зор мүмкіндіктер жасайды. Германиямен жасыл энергетика, цифрландыру және білім саласында бірлескен жұмыстарды қолға алуға әзірміз. Сіздің осы сапарыңыз арадағы ынтымақтастықты күшейте түседі деп сенемін, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі өз сөзінде арадағы байланысты нығайта түсуге ниетті екендіктерін білдіріп, неміс кәсіпкерлерін Шығыс Қазақстанға инвестиция құюға шақыратынын жеткізді. Сондай-ақ өлкеде неміс өнерпаздарының концертін өткізіп, мәдени байланысты да арттыра түсуге ұсыныс білдірді.
Кездесу соңында Моника Иверсен Нұрымбет Сақтағановқа Германияның көрікті жерлері бейнеленген фотоальбомды, ал ШҚО әкімі Елшіге естелікке облыс туралы кәдесыйды сыйға тартты.
Пікірлер