Қазақстанда астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүргізілуде, ал оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын.
- Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландырудың қажетті жағдайлары жасалып, қолайлы ауа райының арқасында вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады, – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды.
- Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, астықты теңіз порттарына экспорттау кезіндегі шығындарды өтеуге субсидиялау мерзімін ұзарту – астықты жаңа нарықтарға шығаруға ықпал етеді. Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды, – деді Айдарбек Сапаров.
Министр биыл майлы дақыл тұқымынан шамамен 4 млн тонна өнім күтілетінін, бұл рекордтық көлем болатыны баса айтты. Сонымен қатар, 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды.
Пікірлер