Бұл жайында Білім және ғылым министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол мектепке жасанды интеллектінің қалай енгізілетініне тоқталып өтті.
Спикердің сөзінше, жасанды интеллект педагогтерді ешқашан алмастыра алмайды. Ал мектептегі "Информатика" пәнінің атауында өзгерістер пайда болады.
– Арнайы жоспар жасалды. Оның негізінде жасанды интеллектіні қолдану кезінде этикалық нормаларды сақтау принципі, мұғалімдердің жоғары даярлығы жатыр. Бүгінде 200-ге жуық педагог даярланды. "Информатика" пәні "Информатика және жасанды интеллект" пәні болып өзгертіледі. Оның аясында негізгі элементтер енгізіледі. Бірақ басқа пәндер бойынша мұғалімдер де білім беру процесінде заманауи технологияларды қолдана алады. Бірақ педагогтың негізгі рөлі сақталады. Жасанды интеллект мұғалімдерді ешқашан алмастырмайды, – деді ол.
Мұнан өзге, министрлік дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдауға арналған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосқанын сүйіншілей хабарлады. Осының негізінде олимпиадалар мен конкурстарды онлайн форматта ұйымдастыруға мүмкіндік ашыла түспек.
Пікірлер