Облыс орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Достық үйлерінің І республикалық конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды шараға елдің барлық өңірінен 100-ден астам Достық үйінің, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық келісім мекемелерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері мен белсенді азаматтар қатысуда.
Конгрестің басты мақсаты – этностар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және қоғамдық келісім саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылау.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов конгрестің маңызына тоқталып өтті:
– Достық үйлері ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтауға, ұлтаралық татулықты арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Бұл жиын үздік тәжірибелерді бөлісуге және ортақ мақсаттарды айқындауға мүмкіндік береді. Осы игі бастаманы қолдаған Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығына, ҚР Президенті Әкімшілігіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Биыл елде бірқатар маңызды тарихи дата атап өтілуде. Оның ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы бар.
ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Ассамблеяның тарихи рөліне тоқталып өтті:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы - ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі. Бүгін Шығыс Қазақстанда алғашқы рет Достық үйлерінің республикалық конгресі өтіп отыр. Бұл бастама этносаралық татулықты нығайтуға үлкен серпін береді, – дейді ол.
Бұдан бөлек, конгрессте аймақтық Достық үйлерінің жұмыс тәжірибесі таныстырылды. Әр өңірден келген делегаттар этномәдени бірлестіктердің жетістіктерін, әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар этносаралық келісімге қатысты ұсыныстар қаралып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолдары нақтыланды.
Павлодар облысынан келген делегаттардың бірі Нүрия Қалымқызының айтуынша, аймақта бірқатар тың жоба жүзеге асырылып келеді.
- Біздің облыста 20-дан астам ұзақ мерзімді жоба қолға алынды. Оның ішінде шағын мектептерде Ассамблея сыныбын ашу бар. Балаларға арналған экскурсиялар мен викториналар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әлеуметтік қиын жағдайға тап болған бүлдіршіндерге қолдау көрсету мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл – өңірдегі ерекше жобаларының бірі, – деді Нүрия Қалымқызы.
Конгресс қорытындысы бойынша қатысушылар бірлік пен татулықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту бағытында ортақ шешімдерге келіп, алдағы уақыттағы ынтымақтастық жоспарын белгіледі.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер