A+ A A-

talgatzhan 31 24-09-2025, 09:30 0

ШҚО-да биыл 152 гинекологиялық қатерлі ісік анықталды

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылдың 8 айында өңірде 152 гинекологиялық қатерлі ісік дерегі тіркелген. 
— Былтыр дәл осындай 123 факті тіркелген еді.  Сырқаттанушылықтың өсімі шамамен 24%-ды құрап отыр. Статистикаға сүйенсек, 59 жатыр мойны обыры, 60 жатыр денесінің қатерлі ісігі, 33 аналық без обыры анықталған, - деді ол. 
Мамандар дер кезінде тексеруден өту мен вакцинация қатерлі ісікке шалдығу қаупін айтарлықтай төмендететінін атап өтті.
– Облыста ерте диагностикалау деңгейі айтарлықтай жақсарды. Биыл жаман аурудың 73%-дан астамы І сатыда анықталды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 51% еді. Жатыр мойны обырының скринингі аясында 27 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, жылдық жоспардың 67%-ы орындалды. Нәтижесінде 334 жағдайда обырға дейінгі аурулар табылып, 11 әйелде жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталды. Оның 82%-ы ерте сатыда белгілі болды, – дейді ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығы онкогинекология және маммология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов.
Осы ретте 27 қыркүйек сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында Ашық есік күні өтеді. Онда әйелдер онкогинеколог мамандардан тегін кеңес алып, аурудың алдын алу мен ерте анықтау жолдары туралы біле алады. Қатысу үшін тек жеке куәлік жеткілікті, дәрігердің жолдамасы қажет емес.
– Барлық қыз-келіншекті Ашық есік күніне келіп, тегін тексерістен өтуге шақырамыз. Қазір онкологиялық аурулардың алдын алу мүмкіндіктері жеткілікті. Әрбір әйел бес жыл сайын толық тексерістен өтіп тұруы қажет, – деді ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив