Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол мұндай мәліметке "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басшылығымен және Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының директорларымен кездесу барысында тоқталып өтті.
Жиында 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өндіріс қуатын арттыруға бағытталған жобаларды жеделдету мәселесі талқыланған.
Үкімет бекіткен тұжырымдамаға сай, елімізде мұнай өңдеу көлемі жылына 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін артады. Бұл екі есе көбейеді дегенді білдіреді.
Жобалардың басты шарты жанармай және мұнай-химия өндірісін заманауи схемамен жүзеге асыру болып саналады. Бұл жанармаймен қатар жоғары сұранысқа ие мұнай-химия өнімдерін шығаруды қамтамасыз етеді. Сол арқылы ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтып, қосылған құны жоғары өнімдердің экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік сыйламақ.
– Әрбір мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жобасы – менің жеке бақылауымда. Мақсатымыз – сұранысты қанағаттандыру ғана емес, оны алдын ала қамтып, экономикалық сенімділікті қалыптастырып, елді толық отандық өніммен қамтамасыз ету. Министрлік бюрократиялық кедергілерді жоюға және ведомствоаралық мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Осы ретте, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мен зауыт басшыларының жеделдетілген жоба кестесін қатаң бақылауда ұстап, жұмыла жұмыс істеуін талап етемін, – деді Энергетика министрі Е.Ақкенженов.
Министр Шымкент МӨЗ-інің өндірістік қуатын жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайту жобасын шетелдік серіктестермен жедел іске асыру керегін атап өткен. Осы мақсатта Бейжіңде CNPC компаниясымен келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, министр Павлодар МӨЗ-дің қуатын 9 миллион тоннаға дейін көтеру жобасын жылдам іске асыруды тапсырды. Ал Атырау МӨЗ-інде өндіріс көлемін жылына 6,7 миллион тоннаға дейін ұлғайту және зауыттың тиімділігін арттыру, жөндеуаралық кезеңдерін ұзарту жобаларына ерекше назар аударылып жатыр.
Пікірлер