Бір қарағанда жиіркенішті, ең лас, сыз тартып, сұрқы қашан жерлерде жүретін кеміргіштер қайтадан күш ала бастапты. Соған сәйкес Өскемендегі қоқыс алаңдарында егеуқұйрықтардың қаптамауы үшін қазір шаралар қолға алынуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр қаладағы Ғарыш, Потанин көшелеріндегі қоқыс жәшіктерінде әбден әлсіреп, дел-сал күйдегі кеміргіштер мектеп жанына дейін келгенін жазып едік. Баласын апарып-әкеліп жүрген ата-ана оларды көрсе айналып жүретіндей болды. Бірақ ол кезде дезинфекциялық шаралар жүргізуге ешкім құлшына қоймады.
Енді жуықта бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, алғашқы кезең 2025 жылдың 22-24 қыркүйегі аралығында өтті. Осы уақыт ішінде мамандар қаланың 310 қоқыс алаңын толық өңдеуден өткізді.
Кеміргіштерге қарсы күресте заманауи «Апсалон» атты түйіршіктелген препарат қолданылуда. Оның құрамындағы бромадиолон аталатын белсенді зат – баяу әсер ететін антикоагулянт. Бұл зат егеуқұйрықтың ағзасында жинақталып, оны улағаннан кейін 3–6 күн ішінде өлтіреді.
Жұмыстар үш кезеңнен тұрады, бұл әдіс кеміргіштердің барлық тобын қамтуға мүмкіндік береді:
Бірінші кезең – улағыш жемнің жайылуы;
Екінші кезең – 3-4 күннен кейін нәтижені бекіту үшін жүргізіледі;
Үшінші кезең – тірі қалған кеміргіштерді толық жоюға бағытталған.
Мамандар препаратты жегеннен кейін кеміргіштердің мінез-құлқында айқын өзгерістер байқалатынын айтады. Олар сақтық пен белсенділігін жоғалтып, қатты шөлдегендіктен күндіз су іздеп шығады. Препараттың әсерінен ішкі қан кету болып, кеміргіш өледі.
– Кей жағдайда олардың ісінген денесін «семіріп алған» деген жаңсақ ой қалыптасуы мүмкін. Қала тұрғындарына ескерту: егер сіз егеуқұйрықтарды байқасаңыз, бекітілген учаскелік тазалық-техникалық учаскелерге (ЦТУ) хабарласып, қосымша өңдеу жұмыстарын сұрауыңыз қажет, – делінген ақпаратта.
Пікірлер