
Қараталдың қуатты ұлы Мейір Рахметқалиев Қырғызстандағы арқан тартыс жарысында топ жарды
Халықаралық жарыста бар білек күші мен табандылығын паш еткен жерлесіміз небір қарымды қарсыластарына тосқауыл қойды. Арқан тартысқа қазір барлық дерлік мемлекет ден қойып отыр. Бірі құмда, бірі жабық ғимаратта, енді бірі далада шеберлігін шыңдайды. Бұл жолы Қырғызстан төрінде өткен халықаралық турнирде Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылының тумасы, бүгінде Риддер қаласында тұратын Мейір Қауленұлы Рахметқалиев топ жарып, жекелей сында чемпион атанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қырғыз жігіттерінің қарсылығы
Көпшілікке аса таныс емес, алайда ерлермен қатар, нәзік жандылар арасында да танымал бола бастаған арқан тарту соңғы жылдары халықаралық аренадан ойып тұрып орын алуда. Жуықта өткен жарыс соның нақты дәлелі. Ыстықкөл өңірінде өткен спорт сайысы «Азия – ынтымақ пен бейбітшілік аймағы» ұранымен ұйымдастырылып, 4-12 қыркүйек аралығында түрлі елдің мықтыларын жинады. Додада Қазақстан атынан қатысқан Мейір Рахметқалиев абсолютті салмақ дәрежесінде бақ сынап, құмдағы тартыста тәжірибелі қарсыластарының тас-талқанын шығарды.
– Арқан тарту – ұлттық спортымыздың бір түрі ғой. Кәсіби түрде айналысып келемін. Бұл спорт мені төзімділікке, тәртіпке, ішкі күшті дамытуға үйретті, – дейді Мейір жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп.
Көпшілік арқан тартуды тек күшке сүйенетін қарапайым ойын деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл спорт түрі шын мәнінде ептілік пен шеберлікті, төзімділік пен тактиканы қатар талап етеді. Мейірдің айтуынша, қарсыластарының бәрі де осал болмаған. Әсіресе, Қырғызстан құрамасының спортшылары тыңғылықты дайындықпен келген екен.
– Қарсыластарымның бәрі мығым, шетінен атойлап тұр. Әсіресе, Қырғызстаннан келген спортшылар табанды қарсылық көрсетті. Дегенмен, мен де осал емеспін – жарысқа айлап дайындалдым. Қажет кезде жеңіске деген сенімім желкен болып, өзімді-өзім жігерлендіре түстім, – дейді ол.
Айта кету керек, Қырғызстан құрамасы бұған дейінгі бірнеше жарыста үздік нәтижелер көрсеткен. Соның ішінде елдің Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери контингенті арқан тартудан бірнеше рет чемпион атанған. Қазір кеншілер қаласында тұрып жатқан Мейір өзінің туған жері – Қаратал ауылы мен қазіргі тұрғылықты мекені Риддердің өмірінде орны бөлек екенін айтады.
– Үлкен Қаратал менің тамырым, ал Риддер мені қанаттандырған мекен. Екі жақтың да маған бергені мол, – дейді спортшы толғаныспен.
Осыны айтты да, алғашқы жарыстарын тізбелеп шықты. Айтуынша, алғаш рет жарысқа Өскеменге барған. Барлығы ойдағыдай өтті. Ең бастысы – техника мықты болуы керек.
Тәртіп, тактика, техника – жеңіс тетігі
Биыл 12 шілдеде Риддерде өткен ұлттық «Ата Мұра» ойындарына қатысқан Мейір сол жарыста да шеберлігін танытты. Бұл сайыста Риддер 1 командасы құрамында өнер көрсетіп, командасына 2-ші орын әперуге сүбелі үлес қосты. Арқан тартып тұрған жігіттердің ең соңында тұрып, шалқалай жатады. Мамандар сөзінше, біршама нәрсе алдындағы екі адам, сосын соңындағы спортшыға байланысты. Сол «Ата Мұра» фестивалінің финалында Мейір Қауленұлы да айрықша мінез танытып, қалың жанкүйер алдында жарқын өнер көрсетті. Ол жарыс ерекше форматта өткен еді: бұрынғыдай төсеніш үстінде емес, көк шөпте ұйымдастырылды. Додаға Қазақстанның бірнеше қаласынан және өңірдің әр түкпірінен келіп, бас-аяғы 10 команда қатысты.
Арқан тарту жайлы кейіпкеріміз былай дейді:
– Мен үшін ең басты ұстаным – тәртіп. Арқан тартуда жалғыз күш жеткіліксіз. Психологиялық төзім мен дұрыс тыныс алу, тепе-теңдікті ұстау – бәрі маңызды. Сондықтан күнделікті жаттығуларым күш пен төзімділікті дамытуға бағытталған, – дейді ол.
Спортшының айтуынша, бұл спорт түрінде қол, иық, арқа мен аяқ бұлшықеттері түгел жұмыс істейді. Сондықтан арнайы жаттығуларсыз жетістікке жету мүмкін емес. Техника, тактика және психологиялық дайындық – бәрі де жеңістің кілті. Мейір Қауленұлының бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, ұлттық спорттың өркендеуіне қосылған үлес. Жарыстан оралған соң оны туған жері мен Риддер қаласының халқы ерекше ықыласпен қарсы алды. Әлеуметтік желілерде құттықтаулар қарша борап, ел ішінде абыройы артты.
– Отбасым – менің ең үлкен қолдаушым. Олар болмаса, бұл жеңіс те болмас еді. Ал жастарға айтарым – спортпен шұғылданыңыздар. Ол сізге рух пен жігер береді, – деп түйіндеді сөзін Мейір Қауленұлы.
Қазіргі уақытта спортшы алда келе жатқан облыстық және республикалық жарыстарға қызу дайындалып жүр. Ал оның үлкен арманы сол, арқан тартуды әлемдік деңгейге шығарып, қазақтың төл спорты ретінде жаһанға таныту.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер