A+ A A-

talgatzhan 28 25-09-2025, 10:50 0

Мән беретін мәселелер аз емес: ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ШҚО-ға не үшін келді?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Жуықта ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев аймаққа жұмыс сапарымен келіп, облыс тұрғындарымен кездесті. Жиында көлік саласына қатысты бірқатар маңызды мәселе талқыланып, тұрғындардың ой-пікірі ескерілді. Вице-министр автожолдар мен теміржол қатынасы, логистика және азаматтық авиация тақырыптарын көтерді. Сонымен қатар ол «Өскемен-1» вокзалының құрылысы, Катонқарағай мен Зайсан аудандарындағы әуежай жобаларымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жыл соңына дейін жөнделеді

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың сөзінше, облыста республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1 194 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 92 пайызы нормативтік жағдайда.

- Биыл жалпы ұзындығы 356 шақырымды құрайтын 15 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары (164 шақырым), Өскемен – Риддер – РФ шекарасы (75 шақырым), Алматы – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы (93 шақырым), Омбы – Майқапшағай – Қалжыр – Марқакөл (24 шақырым). Жобаларды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Өскемен – Рахман қайнарлары автожолының 27,7 шақырымдық учаскесі қайта жаңартылуда. Жоба аясында Өмеш асуындағы көпір құрылысы да жалғасып жатыр, – деді Талғат Ластаев.

Бұдан бөлек, облыс жұрты Өскемен-Риддер тасжолындағы жөндеу жұмыстарының биыл бітетініне күмәнмен қарайды. Себебі кейбір учаскедегі жұмыс баяу жүріп жатыр. Кездесу барысында бұл сауалға Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Ғабит Шымырбаев жауап берді.

- Өскемен мен Риддер аралығы 105 шақырымды құрайды, оның 30 шақырымы былтыр жөнделіп, пайдалануға берілді. Қалған 75 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Ол жерге жаңа асфальт төсеу жоспарланған. Қазір бірінші қабатын төсеу аяқталып, үстіңгі қабаты қолға алынды. Жобаны бастағанда қосымша жұмыстары пайда болғандықтан, уақыты созылып кетті. Бірақ биыл жөндеу толық аяқталып, тасжол пайдалануға беріледі - деді Шымырбаев.

 

Мамандар даярлануда

Естеріңізге сала кетейік, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан мен Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы жалғасуда.

- Жұмыс қызу жүріп жатыр. Қос нысан 2026 жылдың мамыр-маусым айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл ішкі туризмді дамытуға, шекаралас аймақтардағы кәсіпкерлікті өркендетуге айтарлықтай серпін береді. Соның арқасында туристер саны артып, қонақүй инфрақұрылымы да дамиды, - деді Талғат Ластаев.

Белгілі болғандай, жуықта жаңа әуежайлар үшін шамамен 120-130 адам жұмысқа алынып, оқу-жаттығу жұмыстары басталды.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл сәуірде елдегі 124 теміржол вокзалында реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталған еді. Оның бесеуі Шығыс Қазақстанда орналасқан: Өскемен-1, Алтай, Күмістау, Үржар және Шемонаиха.

- Қазір Шығыстағы бес теміржол бекетінің үшеуі жөнделді, қалған стансалардығы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Нәтижесінде жолаушыларға едәуір қолайлы болып, қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі, - деді Вице-министр.

Ал теміржол қатынасына келетін болсақ, қазір өңірде 11 жолаушылар пойызы бар. Былтыр 143 вагон сатып алынып, соңғы бес жылда тозу деңгейі 42 пайызға дейін төмендеді. Биыл отандық өндірушілерден тағы 175 вагон сатып алынады. Жалпы 2026-2030 жылдар аралығында 773 жаңа вагонды қолданысқа беріп, парктің 90 пайызын жаңарту көзделіп отыр.

 

«Трамвайды сақтап қалу қажет»

Көлік вице-министрімен кездесуде «Өскемен көлік компаниясы» АҚ бас инженері Михаил Чайка трамвайлар қозғалысын дамытуды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру мәселесін көтерді. Осы ретте ҚР Көлік министрі шаһардағы трамвайларды сақтап қалу керектігін де алға тартты.

- Трамвай – экологиялық таза әрі қала келбетімен үйлесімді көлік түрі. Жолаушылар үшін де өте ыңғайлы. Республикалық деңгейде қаржыландыруға келетін болсақ, қазір Қазақстанның көліктік құрылымына кең стратегиялық даму жоспары әзірленуде. Біз бұл ұсынысты қарастырып, орталық атқарушы орган деңгейінде қолдауға дайынбыз. Трамвайлар бүкіл әлем бойынша танымал әрі жиі қолданылады. Өскеменнің осы көлік түрімен жабдықталғаны үлкен жетістік, тек оны сақтап, дамыту керек, - деді ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Аспалы жол салынады

Талғат Ластаевтың қатысуымен Ертіс өзенін көлік бағытында тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Оның айтуынша, өзеннің мүмкіндігі өте үлкен, бірақ толық іске асырылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, бұл бағытты дамытуға арналған жобалар бар.

– Қазір техникалық-экономикалық негіздеме, алдын ала жобалау жұмыстары жүргізілуде. Оның мақсаты – Ертіс бойымен үлкен көлемдегі жүктерді өзен шлюздері арқылы тасымалдауды қалпына келтіру, - деді Талғат Ластаев.

Бұдан бөлек, елде өзен көлігіне арналған лизингтік бағдарламаның жоқ екені белгілі болды. Ал жеке кәсіпкерлердің круиздік кемелерді сатып алуға қаржысы жетпейді. Вице-министр «Бәйтерек» арқылы қаржыландырудың тетіктерімен арнайы бағдарлама жасауға болатынын атап өтті.

Жиында Өскемендегі аспалы жол құрылысына қолдау көрсету мәселесі де көтерілді. Құрылыс 2026 жылы басталмақ. Ол “ADK-River” сауда орталығынан облыстық Драма және оперетта театрына дейін және кері бағытта тәулігіне 15 мың адамға дейін тасымалдай алады. Жоба құны – 50–90 миллион АҚШ доллары. Оның 80 пайызын швейцариялық “Bartholet” компаниясы, қалғанын «Ертіс» ӘКК қаржыландырады.

Ал Көлік министрлігі тарапынан қолдау көрсету мәселесін егжей-тегжейлі қарастыруға уәде берілді.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив