A+ A A-

talgatzhan 31 25-09-2025, 11:00 0

Адам түгіл көлік әрең өтеді: Өтепов көшесі жаңбырдан кейін көлге айналады

Бүгін / Өскемен / Өзекті мәселе

Соңғы жылдары Өскемен қаласында аулаларды су басу мәселесі ушығып барады. Жаңбыр жауса болды, көшелер көлге айналып, тұрғындар тобықтан су кешеді әп-сәтте. Әсіресе, Өтепов көшесінің №5, 7 және 9-үй тұрғындары бұл жағдайдан әбден қажыған. Редакциямызға шағымданған тұрғындардың сөзінше, жыл сайын қайталанатын бұл жағдайға қатысты әлі нақты шешім қабылданбаған. Сайт тілшісі мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында тұрғындармен тілдесіп, құзырлы мекемелерге сауалхат жолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оқушыларға да оңай емес

Зейнет жасындағы Әлібек Нұрмұхамедовтің сөзінше, Жаңбыр жауса болды, ауламыз суға толып, көлге айналады.

– Адам түгіл көлік әрең өтеді. Құрғақ жер таппай, тұрғындар су кешіп жүреді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады, – дейді ол.

Айта кетейік, Өтепов көшесі – Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы маңызды көшелердің бірі. Мұндағы аулаларда дүкен де, балалар ойын алаңы да бар. Алайда толассыз жауған жауыннан кейін бұл маңда аяқ алып жүру мұңға айналады. Су көлшікке айналып, балалар алаңына дейін жайылып кететін кездер жиі болады.

– Жаңбыр қаттырақ жауса, дүкенге тауар әкелетін көліктер өте алмайды. Тіпті оқушылар мектепке бара алмай қиналады. Ата-аналар балаларын арқалап алып шығатын жағдайлар да болған, – дейді «Копейка» дүкенінің сатушысы.

 

Құрылғылар балансқа алынбаған

Редакция тілшісі бұл мәселе бойынша Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ресми сауалхат жолдады. Құзырлы орган берген мәліметке сүйенсек, №5 және №7 үйлердің арасында 2022 жылы дренаждық құдық орнатылған. Алайда, бұл құрылғы жауын-шашынның көп түсуі кезінде мәселені толықтай шешуге қауқарсыз.

– Жол жабынының деңгейі мен бедерін зерделеу барысында, су бұру үшін жолдың еңісін арттыру техникалық тұрғыда мүмкін емес екені анықталды. Сондықтан бұл аумаққа нөсерлік кәріз немесе арнайы лоток жүйесі қажет. Қазір бұл жұмыс 2026 жылға арналған қосымша қажеттілік тізбесіне енгізілді, – делінген ресми жауапта.

Бірақ көңілге кірбің ұялататыны, бұл мекенжай бойынша 2025 жылы ешқандай қаржыландыру көзделмеген. Оның үстіне, бұл аулалардағы су ағызу құрылғылары коммуналдық қызметтердің балансына тіркелмеген, сондықтан оларды мемлекеттік бюджет есебінен жөндеу заң жүзінде мүмкін емес.

 

Өтеповтен бөлек, өкпелеткен көшелер

Өтепов көшесіндегі жағдай қаланың жалғыз мәселесі емес. Орталықтағы Қазақстан көшесі, сондай-ақ Назарбаев және Әуезов даңғылдары да жауын-шашыннан кейін дәл осындай күй кешеді. Тұрғындар бейнежазбалар түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктегенімен, нақты әрекет те, нәтиже де байқалмай отыр.

– Қазақстан көшесінде толассыз жаңбыр жауса, подъезден шығып өте алмаймыз. Құрғақ жер табу үшін айналшақтап жүріп, әрең жетеміз, – дейді Әуезов даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын Карина Богомоева.

Жаңбыр суынан қорғанып, жиектегі жолмен ақырын басып өтетін тұрғындардың әрекеті баланың еңбектеуін еске салады.

 

Әкімдіктен әрекет күтеді

Жауапты мекеменің хабарлауынша, су басатын аулалар мен көшелердің нақты тізімі жасақталып жатыр. Бұл тізім негізінде 2026 жылы инженерлік зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нақты іс-шаралар жоспары әзірленбек. Сондай-ақ 2024 жылы аталған мәселеге қатысты бюджеттік өтінім ұсынылғанымен, қаржының шектеулігіне байланысты ол қолдау таппаған. 2025 жылға да өтінім жолданғанымен, қаржыландыру бекітілмепті.

– Су бұру жүйесін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға қайтадан бюджеттік өтінім берілді. Қаржы бөлінген жағдайда, аталған шаралар іске асырылады, – делінген ресми жауапта.

Өскемен қаласында жауын-шашыннан кейінгі жағдай тұрғындардың өмір сүру сапасына айтарлықтай кері әсер етіп отыр. Су басқан аулалар тек уақытша қолайсыздық емес, жүйелі шешімді қажет ететін өзекті инфрақұрылымдық мәселе. Қаланың көркі мен жайлылығы тек жол жөндеумен өлшенбейді. Халық әкімдіктен әрекет күтеді, барлығы су кешіп әбден шаршаған.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив