A+ A A-

talgatzhan 33 25-09-2025, 11:10 0

«Маймақ мазаны алды» деп шағымданған тұрғындар қауіп әлі қайтпай тұрғанын айтып жатыр

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Негізінде әңгіме төркіні алдымен Алтай ауданында басталған еді. Кейін ол Риддер қаласына ойысты. Табиғи ортада тағының көп болғаны қуанарлық жайт. Бірақ соңғы уақытта аю мен адамның жиі ұшырасып жатқандары көкейге сауал ұялатпай қоймады. Оған қоса, мәселе әлі де сақталып отыр. Өңір жұртының көңілін қорқыныш билеп алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Нағыз хайуанаттар бағы»

Әуелі бұл жағдай Риддер мен оның маңайындағы елдімекендер жұртын уайымдатып отыр. «Бір түсініксіз жағдай болып жатыр» десті жұрт. Омартадағы ойран, ауладағы айқай, қираған қаша және көшедегі күйбең. Әлеуметтік желілерде жыртқыштың ізі, сынған қоршаулар мен өзі түсіп қалған бейнежазбалар жиі тарап жатыр. Бұған байланысты ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету қызметінің мамандары Риддерде жоспарлаған екі апталық жұмысын ұзартуға мәжбүр болған. Қазір олар түнде жыртқыш аңдарға тор құрып, арнайы дыбыстық құралдар арқылы қорқыту жұмыстарын жалғастыруда. Осы туралы мұның алдында да бірқатар БАҚ беттерінде жазылған болатын. Мамандар бар жағдайды назарда ұстаймыз деген соң тағының тайраңдауына тосқауыл қойылуы мүмкін деген сенім болды. Сөйтсе, маймақ соңғы күндері басқаша мінез танытыпты. Мәселен, жергілікті тұрғын Анастасия Клемешова жуықта ғана Өскеменнен Риддерге қайтып бара жатқанда жолда аюды да, бұланды да, түлкіні де көргенін айтты. Әсіресе, Бутаково мен Черемшанканың арасы «нағыз хайуанаттар бағы» дейді. Демек, жедел әрекет ету жасағы өкілдерінің ұдайы бақылау жүргізуі орынды.

Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету тобының бастығы Ермек Бағланұлының айтуынша, олардың құрамында бірнеше экипаж жұмыс істейді. Әр топта екіден төртке дейін инспектор бар, олар «Байкал» маркалы тапаншалармен және карабиндермен қаруланған.

Бүгінде мамандар тек Риддерде ғана емес, Серебрянск, Жаңа Бұқтырма мен Глубокое аудандарында да аюлардың ізін аңдып жүр. Инспекторлар түнгі мезгілде жұмыс істейді: бұл аюлар әрлі-берлі алаңсыз жортатын мезгіл көрінеді. Ең көп шағым Риддер қаласы мен Поперечное ауылынан түсіп жатыр.

– Инспекторларымыз түске дейін демалады, түстен кейін жергілікті тұрғындармен және әкімдік өкілдерімен кездесіп, аю жиі көзге түскен жерлер туралы ақпарат жинайды. Түнде сол орындарға барып, тепловизорлармен бақылау жасайды. Тек бір түн ішінде Риддер мен Поперечное маңынан 13 аюға дейін көзге түскен кездер болды, – дейді Ермек Бағланұлы.

Инспекторлар қаруланғандарымен, әзірге ешбір жағдайда оны қолданбаған. Қару тек төтенше жағдайда – адам өмірі мен малға нақты қауіп төнгенде ғана пайдаланылады. Әзірге агрессия танытқан аң кездеспепті. Аюларды тек дыбыстық жарғыштармен (хлопушка) үркітіп отыр.

 

Жемтік – аз, жануар – аш

Риддер үшін аюды шақырылмаған қонақ деуге келмейді. Өткен жылы да орманнан елдімекен іргесіне дейін шыққан аңдар тіркелген. Бірақ биыл олардың белсенділігі ерекше артты. Алысқа бармай-ақ, өткенде өлген аюды жан-жақтан жұлып жеген алты маймақтың сұсты бейнесі кімді болсын үрейлендірері сөзсіз. Қысқасы, кей тұрғын бұрынғыдай қаннен қаперсіз орманға барып саңырауқұлақ теруден қорқады. Кейде қонжықтар да ақырып жететін сыңайлы. Оның басты себебі сол, ормандағы азық-түлік тапшылығы. Көктемгі суық салдарынан жидек аз, самырсын жаңғағы мүлдем жоқ. Сонымен қатар адамдар да аңдардың елдімекендерге жиі келуіне өздері себепкер болып отыр.

– Қазір аю биылғы қысқы ұйқыға дайындалып, тауға кетіп, апанын дайындап, тамыр қазумен айналысуы керек еді. Бірақ ол әлі жеткілікті май жинай алмады. Сондықтан да аң қаланы кезіп жүр, – дейді Ермек Бағланұлы. – Тағы бір-екі апта, бәлкім бір айдан кейін тынышталады. Биыл орманда азық аз, ал елді мекендерде қоқыс көп, күлімсі иіс бар – басты себеп осы. Мысалы, Глубокое ауданының Михайловка ауылында аю омартаға келген. Бірақ оны бал емес, малдың қалдықтары қызықтырған: ауыл тұрғындары мал сойып, ішек-қарын қалдықтарын сыртқа тастаған, соның иісі жыртқышты тартыпты.

Тағы бір қызық жағдай: орманда азық азайғанымен, аю саны артып келеді. Неге?

– Біз бақылау жүргізе бастадық. Әдетте аюлар бір немесе екі қонжық туады. Ал биылғы көктемде көпшілігі үш-үштен қонжық алыпты. Тіпті Өскемендегі хайуанаттар бағында да аю үш қонжық туған. Демек, былтыр жақсы қоректенген, табиғи жағдай қолайлы болған, – деді Ермек Бағланұлы.

Риддер орман шаруашылығы мекемесі де жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ мекеме мамандарының аюды үркітуге немесе атуға құқығы жоқ. Қазір онда егерь қызметі де жұмыс істемейді.

– Риддер орман шаруашылығының қызметкерлерінде қару жоқ. Аюды ұстай алмаймыз, атып тастауға рұқсатымыз жоқ. Тұрғындардан шағым түскен жағдайда оқиға орнына барып, куәгерлерден сұрастырып, материал жинап, облыстық табиғи ресурстар басқармасына жолдаймыз. Сонымен қатар тұрғындар арасында аюмен кездескен жағдайда не істеу керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді тағының өмірін зерттеп үлгерген Алмас Исабеков.

 

Аюлар қашан ұйықтайды?

Жуырда кеніштерден де шағымдар түскен. Аюлар Шубин, Долинный және Тишин кен орындарынан көрінген. Бұл аумақтарда қоқыс жоқ, аңдар әлденеге қызығып келген сыңайлы. Ал Ливинода маймақ жабайы ранетка алмасының иісіне келсе, Төртінші аудандағы саяжайларға да жидек пен алма үшін бас сұғып жүр.

Риддер орман шаруашылығы өкілдерінің мәліметінше, ең көп шағым – Поперечное ауылынан түсіп жатыр. Жақында мамандар ауылды аралап, тұрғындармен кездескен. Сөздерінше, аюлар мал мен үй құстарына шабуыл жасап жатыр. Соның ішінде, ұсақ мал мен қазды жәукемдеп жіберген. Арасында ірі қара мен бұзауға шауыпты.

Алмас Исабековтың сөзінше, адамдар аю қыста аш болып, ұйқыға жатпай қалуы мүмкін деп қорқады.

– Әсте олай емес: аюдың ұйқыға жатуының басты себебі – қыста қоректің жоқтығынан. Егер қоқыс, тамақ қалдықтары көп болса, аң ұйқыға кетпей, елдімекендерге жақындай береді, – деді ол.

Көңілге қонымды тұжырым. Себебі, соңғы кезде осы сияқты келеңсіз жайттар бірнеше ауданда тіркелді. Бірақ ол туралы сәл кейінірек. Ендігі қояр сұрақ: Риддер халқы жақын жерде аюды көріп қалса не істеулері және не істемеулері қажет? Бұл туралы Алмас Исабеков айтып берді.

– Аюды көрсеңіз, суретке түсіремін деп ұмтылмаңыз. Қорқытып, тас лақтыруға болмайды. Аңның реакциясы күтпеген болуы мүмкін – үркіп қашудың орнына, шабуылдауы ғажап емес. Ең дұрысы – алыстап, қауіпсіз жерге жасырыну. 102 нөміріне қоңырау шалуға болады — олар сигналды табиғат қорғау полициясына жеткізеді. Ал егер аюмен бетпе-бет келіп қалсаңыз, ешқандай кеңес көмектеспеуі мүмкін. Сондықтан балаларды кешкісін далаға жалғыз жібермеңіздер, ересектер де түнде сыртқа шықпағаны абзал. Қазіргі секілді кезеңде тауға шығу, туризммен айналысу аса қолайлы емес, – дейді Алмас Исабеков.

Ендігісі Самар ауданын қамтиды. Бұнда да бірнеше күн бұрын жабайы жануардың шатақ шығарғаны туралы ақпараттар айтыла бастады. Әсіресе, Самардан Өскеменге шыға бере, Манат ауылына жетпей көсіліп жатқан кең сауыр біраз адам үшін мал бағуға қолайлы жер. Осы тұста маймақ ірі қараның бірнешеуіне шапқан екен. Мұны іргедегі Көкжыра ауылының тұрғындары айтты. Мұндағы аюды барып кім үркітеді?

 

Нұрбек АСҚАРОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив