A+ A A-

talgatzhan 0 25-09-2025, 15:00 0

Алтайлық өрт сөндіруші көп жылдан бері тілсіз жауға тосқауыл қойып келеді

Бүгін / Алтай

Алтай қаласының 2-МӨСБ газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) аға шебері Марат Смақов азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. 


Ол қызмет жолын қарапайым өрт сөндірушіден бастап, бірнеше жыл ішінде ГТҚҚ шеберінің кәсіби дағдыларын меңгеріп, бүгінде өз ісінің майталманы атанып отыр. Марат Смақовтың айтуынша, бұл аса жауапты, әрі күрделі қызмет. 
– Менің міндетім – өрт сөндірушілердің тыныс алуға жарамсыз жағдайда жұмыс істеуге дайындығын қамтамасыз ету. Тыныс алу аппараттары, маскалар және өзге де жабдықтардың жарамдылығын тексеріп, жеке құрамды осы құралдармен жұмыс істеуге үйретемін. Өрт сөндірушінің артындағы тыныс алу аппаратындағы ауа – оның өмірін сақтайтын басты фактор,– дейді аға шебер. 
Қызметінің қауіп-қатері жоғары болғанымен, Марат үнемі біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін үйренуге ерекше көңіл бөледі. Бұл төтенше жағдайда әр секундтың маңызды екенін жақсы түсінген маманның кәсіби ұстанымы.
Мараттың жадында ерекше сақталған жағдайлардың бірі – газ қоймасының аумағында көлемі 20 текше метр сұйытылған бутан сыйымдылығы бар «КамАЗ» автогаз құю көлігінің өртенуі. 
– Жағдай өте қауіпті болды жарылыс қаупі және өрттің кәсіпорын ғимараттары мен газ толтыру пунктіне таралу қаупі туындады. Жеке құрамның жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында біз өртті дер кезінде сөндіріп, жарылыстың алдын алдық, – деп еске алады ол. 
Бұл оқиға газ түтіннен қорғау қызметінің маңыздылығын тағы бір дәлелдеді өрт сөндірушілердің өмірін сақтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кәсіби дайындық пен сапалы жабдыққа тікелей байланысты.
Марат Смақов сынды мамандардың еңбегі – өрт сөндірушілердің ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне үлес қосатын жауапты қызмет. Өрт сөндірушілер үшін ауа қандай қажет болса, олардың өмірін сақтайтын жабдықты дер кезінде әзірлеп, дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету де соншалықты маңызды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив