A+ A A-

talgatzhan 30 25-09-2025, 17:05 0

"Риддер көшелерінде аю жүр": Сенатор халыққа төнетін қауіпке алаңдаулы

Бүгін / Риддер / Өзекті мәселе

Сенатор Қайрат Тастекеев жабайы жануарлардан халыққа төнетін қауіптің өсуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Депутаттық сауал жолдаған Қайрат Тастекеев жабайы жануарлар санын бақылау мен реттеуді күшейту қажеттігін алға тартты.

Айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда биоалуандықты қорғау бағытында елеулі табыстарға қол жеткізілді: ұлттық саябақтар мен қорықтар жүйесі кеңейтіліп, ауқымды экологиялық бастамалар жүзеге асырылды. Мұның нәтижесінде жануарлардың көптеген түрінің саны артуына жол ашылды. Дегенмен, жағымды жетістіктермен қатар бірқатар түйткілдер де туындады. Тіпті кейбір өңірлерде аюлардың популяциясы айтарлықтай көбейіп, олар қорық аумағынан шығып, еркін жүретін жағдай жиілеген.

- Жабайы жануарлар санының көбеюі халықтың тіршілігі мен ауыл шаруашылығына теріс әсерін де тигізіп отырғаны мәлім. Соңғы жылдары жабайы жануарлардың басқа да түрлерінің елді мекендердің аумақтарына кіру фактілері жиілеп, адамдарға, малға, ара өсіру және ауылшаруашылық жерлеріне шабуыл жасау жағдайлары көбеюде. Аюлар адамдардан үрікпей, елді мекендерге емін-еркін кіретін жағдайлар саны артып отыр. Оған қоса қасқырлардың, жабайы шошқалардың және шиебөрілер санының көбеюі де халық арасында алаңдаушылық тудырып отырғандығын айта кету керек, - деп атап өтті сенатор.

Депутаттың мәліметіне сүйенсек, соңғы уақытта жануарлардың елді мекендерге жиі шығуы байқалады: аюлар Риддер мен Серебрянсктің көшелерінде көрінген. Бұған бір жағынан табиғи азық-түліктің жеткіліксіздігі, екінші жағынан тұрмыстық қалдықтар мен малдың болуы әсер етуде. Жыртқыштар санының артуы қасқыр, шибөрі және қабандар арасында да байқалады. Бүгінде Қазақстан аумағында шамамен 15 мың қасқыр, 23 мыңнан астам шибөрі және 50 мыңнан астам қабан бар. Әсіресе тез бейімделетін шибөрілер табиғатқа да, ауыл шаруашылығына да айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Сенатордың сөзінше, экожүйе жануарлардың санын өздігінен реттеу қабілетін жоғалтып барады, ал қазіргі шаралар әрқашан нәтижелі бола бермейді.

- Уәкілетті органдарға өңірлердегі жануарлар санын реттеу лимиттерінің толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді және биологиялық негіздемелердің сапасына бақылауды күшейтуді, сонымен қатар жабайы жануарлардың санын реттеу және мониторинг бағдарламаларын әзірлеуді, цифрландыруды тапсыру маңызды деп санаймыз. Мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді қызметін қамтамасыз етіп, жабайы жануарлар санын басқару жөніндегі қажетті шараларды іске асыру керек. Жануарлардың адамдарға, малға және ауыл шаруашылығы алқаптарына шабуыл жасау фактілерінің бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастырып, ол деректерді квота белгілеу кезінде ескеріп, пайдалану керек, - деді Қайрат Тастекеев.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив