Бүгін Өскеменде «Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» тақырыбында пленарлық отырыс өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға Қазақстанмен қатар Ресей, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан және Моңғолиядан келген қонақтар, инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақты дамытудағы негізгі бағыттарды атап өтті. Оның ішінде өнеркәсіп, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру, экология мен адами капиталға басымдық берілетіні айтылды.
– Өздеріңізді көру, форум аясында қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Соңғы жылдары елімізде көптеген өзгеріс болып, бүгінде мүлдем басқа жағдай туындап отыр. Ірі жобаларды ашуға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Инвесторлармен бірлесе жасаған жобаларымыз еліміздің жарқын болашағына барлық жағдайды жасайтынына сенімдімін, - деді облыс әкімі.
Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов шетелдік және отандық қатысушыларға алғыс айтып, аймақтың әлеуетін ерекше атап өтті.
– Шығыс Қазақстан – көне тарих пен жаңа табыстар тоғысқан өңір. Біз Парламент тарапынан инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді ол.
5 елден 106 қатысушы жиналған бұл форум облыстың ғана емес, Қазақстанның экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.
Пікірлер