Еуро бағамы рекордтық деңгейге жетсе де, қазақстандықтардың еуропалық валютаны сатып алу белсенділігі төмендеп барады. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында еуро нетто-сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 26,9%-ға азайды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Еуро бағамының нығаюына қарамастан, қазақстандықтардың еуропалық валютаны сатып алуға деген қызығушылығы айтарлықтай азайып келеді
2025 жылғы шілде айында айырбастау пункттеріндегі еуроның нетто-сатылымы 5,7 млрд теңгені құрады. Бұл маусыммен салыстырғанда бес есе көп, бірақ өткен жылдың шілдесіне қарағанда шамамен екі есе аз. Жыл басынан бергі көрсеткіш те төмендеуді байқатады: 2025 жылдың қаңтар-шілде аралығында нетто-сатылым 105,2 млрд теңге болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,9%-ға азайды. Өткен жылы бұл төмендеу бар болғаны 0,1% ғана болған еді.
Дегенмен елдің көпшілік өңірлерінде еуро сатылымы әлі де оң балансын сақтап отыр. 20 өңірдің 19-ында тұрғындар еуроны сатқаннан гөрі көбірек сатып алған. Дәстүрлі түрде Алматы (36,6 млрд тг), Астана (25,4 млрд тг) және Шымкент (15 млрд тг) көлем бойынша көш бастап тұр. Ал жалғыз Жетісу облысында еуроны сатушылар саны көп болып, нетто-сатылым минусқа түсіп, –147,7 млн теңгені құрады.
Қызығы, сұраныстың төмендеуі еуро бағамының тұрақты өсуі аясында ерекше байқалады. 2024 жылы еуроның орташа бағамы рекордтық 507,9 теңге болса, үшінші және төртінші тоқсандарда ол тиісінше 524 және 544 теңгеден асты. 2025 жылдың басында аздап әлсіреген бағам кейін күрт көтеріліп, екінші тоқсанда 581,9 теңгеге жетті, ал тамызда 626,4 теңгеге дейін көтерілді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1% жоғары. 24 қыркүйекке қарай курс 642,8 теңгеге дейін өсіп, жыл басынан бері 17,6% қосымша артты.
Осы жағдайға байланысты еуро сатып алуға деген қызығушылықтың бәсеңдеуі жалғаса береді деп күтілуде, әсіресе егер бағамның нығаю үрдісі сақталса.
Пікірлер