Облыс орталығында төтенше жағдайлардан қорғану дағдыларын дамытуға бағытталған «Қауіпсіздік мектебі – 2025» облыстық жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақтың түкпір-түкпірінен келген оқушылар кедергілер жолағын еңсеріп, үйінділер мен түтін аймақтарында әрекет етіп, өртті сөндіріп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және кешенді күш жаттығулары бойынша бақ сынады. Жарыс ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық білім басқармасының бірлесуімен, ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығына орай өткізілді.
Қатысушылар төтенше жағдайлар кезіндегі шеберлік, жылдам әрекет ету және командада жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Жас құтқарушылар қиын тапсырмаларды сенімді орындап, шынайы құтқарушыға тән ептілік пен тапқырлық танытты.
- Жарыстың мазмұнды бағдарламасы әр қатысушыға өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік берді. Мұнда ептілік, тапқырлық, командада жұмыс істей білу, жылдамдық сыналды. Мұндай шаралардың басты мақсаты – балаларға өрттен және басқа да төтенше жағдайлардан қорғану жолдарын үйрету, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Жарыс қорытындысында Оралхан Бөкей атындағы Глубокое ауданының оқушылары жеңімпаз атанды. Екінші орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Алтай ауданы мектептері иеленсе, үшінші орынға облыстық мамандандырылған IT-мектеп-лицейінің командасы тұрақтады.
Пікірлер