Облыстық Ана мен бала орталығы балалардың көз ауруларын ерте анықтауға және емдеуге арналған жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа жабдықтар «AYALA» қайырымдылық қоры мен ORICA компаниясының қолдауымен орталыққа табысталды. Атап айтқанда, балаларға арналған авторефрактометр, ИГД-03 көз ішілік қысым көрсеткіші, R-1262 үлгісіндегі қабақ ашқыштар және Е-5132 үлгісіндегі Грефе бұлшықет ілмегі берілді.
Бұл заманауи аппараттар көз ауруларын ерте сатыда анықтап, жоғары дәлдікпен, балаға зиян келтірмей ем жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, көру қабілетін жоғалту қаупін едәуір азайтуға болады.
— Шала туған нәрестелерде жиі кездесетін ауыр дерттердің бірі — ретинопатия. Бұл — көздің тор қабығының дамуы толық аяқталмағандықтан пайда болатын ауру. Уақтылы ем болмаса, ол тор қабықтың ажырауына және қайтымсыз соқырлыққа әкелуі мүмкін, — дейді жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі, офтальмолог дәрігер Зарина Жақыпова.
Мамандардың айтуынша, бұл құрал-жабдықтар өңірдегі балалар офтальмологиясының дамуына үлкен үлес қосады.
Пікірлер