A+ A A-

talgatzhan 46 29-09-2025, 12:25 0

Өскеменде еңбек озаттары марапатталды

Бүгін / Өскемен

Бүгін облыс орталығында Еңбек күніне арналған «EN’BEKQOR ÖSKEMEN» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.  

Бұл күн – қоғам дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, жастарды адал еңбекке баулуды көздейтін маңызды мерекелердің бірі. Шараға қала әкімі Алмат Ақышов, түрлі сала мамандары және жастар қатысты. 
Жиналғандар еңбек адамының қоғамдағы орны, олардың қаланың экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығына қосып жатқан үлесі туралы ойларымен бөлісті.
Шаһар басшысы Алмат Ақышов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, еңбек адамының қадір-қасиетін ерекше атап өтті.
– Өскеменді өзгеше ететін басты құндылық – нағыз еңбек адамдары. Қаламызда өндіріс орындары, құрылыс пен энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызмет салаларында мыңдаған маман еңбек етіп жүр. Олардың әрқайсысының шеберлігі мен біліктілігі – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының негізгі тірегі. Бүгінгі жиында жастарға үлгі боларлық мамандардың қатысуы қуантады. Біз IT технологиясы мен жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан басты мақсатымыз – уақытқа ілесіп, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, бәсекеге қабілетті болу. Әрбір жас еңбекқорлық пен адалдықты серік еткенде ғана болашағы жарқын болады, – деді ол. 
Сонымен қатар жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынған бастамалар сөз болды. ШҚО Кәсіптік білім беру орталығының директоры Гүлжан Әмірқызы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл – еліміз үшін өте маңызды шешім. Соның нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне үлкен серпін берілді. Бағдарламаларға мемлекеттен бөлінетін тапсырыс көлемі артып келеді. Мәселен, биылдың өзінде облыс 7130 орын қарастырылды. Колледждерде оқыту мен практиканы қатар алып жүру ісі жолға қойылып отыр. Сондай-ақ жаңа жобалар бекітіліп, түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жұмысшы мамандықтарды дамыту мақсатында биыл 5 колледжде жаңа бағыттар ашылды. Олардың қатарында су техникасы мен әуе көлігін тасымалдау салалары бар. Бұл – еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, – деді Гүлжан Әмірқызы.
Жиын барысында еңбек озаттарына құрмет көрсетіліп, үздік мамандар марапатталды. Әсіресе жас буынды кәсіби тұрғыда шыңдап жүрген тәлімгерлердің еңбегі ерекше атап өтілді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив