A+ A A-

talgatzhan 42 30-09-2025, 15:50 0

«Шығыс салбұрыны – 2025» фестиваліне 10 мыңға жуық көрермен келеді деп күтілуде

Бүгін / Ұлан

Бозанбай ауылы маңында бесінші мәрте «Шығыс салбұрыны» халықаралық фестивалі ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шара кезінде қыран құсты қастерлеу дәстүрі мен құсбегілік өнерінің үздік қырлары көрермен назарына ұсынылады.

Аудан әкімінің орынбасары Маделхан Піржановтың сөзінше, 2020 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан фестиваль бүгінде мәдениет, спорт және ұлттық салт-дәстүрді ұштастырған маңызды алаңға айналды. 
– Жыл сайын мыңдаған қонақты жинайтын шараға биыл 7–10 мыңға жуық көрермен мен турист келеді деп жоспарланып отыр. Бағдарламаға сәйкес, алғашқы екі күнде (8–9 қазан) қатысушылар тіркеліп, мандаттық комиссияның жұмысы мен жеребе рәсімдері өтеді. 10 қазан күні салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, қыран құстардың әуедегі қимылы, ұлттық киімдер мен дәстүрлі жабдықтар шеруі ұсынылады, – деді әкімнің орынбасары.
Көпшілік бүркіт, қаршыға, ителгі және тазы жарыстарын тамашалайды. 11 қазан күні сайыстың шешуші кезеңдері, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және фестивальды қорытындылайтын гала-концерт өтеді. Құрметті қонақтар қатарында ҚР Туризм және спорт министрлігінің құсбегілік бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті, бас төреші Бағдатхан Мүптекеқызы, сондай-ақ әлемге танымал бүркітші Айшолпан Нұрғайып болады.
Бұдан бөлек, Фестиваль аясында «Бүркіт төбе» аумағында 20-дан астам этно-стильде киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлері мен халықтық дәстүрлер көрмесі ұйымдастырылады. Өңірдің аудан-қалалары ұлттық мәдени мұра үлгілерін паш етпек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шығыс салбұрыны» – тек саятшылық додасы емес, ұрпақ санасына елдік рух дарытып, қазақ халқының қыран құстай асқақ өнерін әлемге танытатын бірегей мереке.
Айта кетейік, фестиваль Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Республикалық құсбегілер федерациясының қолдауымен өтеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив