A+ A A-

talgatzhan 40 30-09-2025, 16:40 0

Өскеменде еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

Бүгін / Өскемен

Бүгін облыс орталығында Еңбек күніне арналған «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған жиын «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, олардың еңбегін бағалауға және оң имидж қалыптастыруға бағытталды.
Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов еңбек саласында ерекше көзге түскен азаматтарды құттықтап, оларға арнайы марапаттарды табыс етті.  
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бүгінгі мереке - күнделікті қажырлы еңбегімен еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарын ұлықтайтын ерекше күн. Әр азамат еңбектің қадірін түсініп, адал тер төксе, еліміз алға басады. Сондықтан осы қағиданы халқымыздың, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру - аса маңызды міндет, - деді Дархан Бақытжанұлы. 
Жиын барысында «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары анықталды. «Еңбек жолы» «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жастар арасында үздік тәлімгер» номинациялары бойынша өтті. Ал «Парыз» байқауы өңірдегі ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымдары бойынша ұйымдастырылды. 2008 жылдан бері осы конкурс бойынша облыстағы 33 кәсіпорын жеңімпаз атанды. 
Бұдан бөлек, өз ісінің нағыз шебері атанған жұмысшылар ерекше ықыласқа бөленіп, арнайы марапаттарға ие болды. «Үздік аумақты тазалаушы» номинациясын иеленген «Таза Өскемен» кәсіпорнының қызметкері Қайнар Ғафуровтың сөзінше, Еңбек күні осы салада жұмыс істеп жүрген әр азамат үшін маңызды. 
- Өзім - Тарбағатай ауданының тумасымын. Өскеменде 15 жылдан бері тұрып жатырмын. Ал «Таза Өскеменде» 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Қала тазалығымен айналысып, шаһардың гүлденуіне атсалысудамыз. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бүгін облыс әкімдігі тарапынан осындай марапатқа ие болып жатқаныма өте қуаныштымын. Аймақ басшысына көрсетілген қолдау мен ұйымдастырылған мереке үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да адал еңбек етуе береміз, - деді Қайнар Кабылбекұлы.
Сондай-ақ өскелең ұрпақты еңбекке баулу мақсатында «Адал азамат – Адал еңбек» тақырыбында эссе жазу байқауы өтті. Мерекелік жиында байқау жеңімпазы – Өскемендегі №15 мектептің 7 сынып оқушысы Ақерке Оразбек марапатталды. 
Салтанатты шара Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Осылайша, әртістер мен шығармашылық ұжымдар кеш қонқатарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив