«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастырумен «TALQYLAU» – диалог алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен олардың шешімдері» атты Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, IT саласының мамандары, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары мен студенттері қатысты.
- Жасанды интеллект – жай ғана технологиялық бағыт емес, ол еліміздің тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, халыққа көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін маңызды құрал. Сондықтан цифрлық трансформацияға қоғамның әрбір мүшесі белсенді қатысуы қажет. Біздің өңірде бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер бар, бірақ алда атқаратын жұмыстар одан да ауқымды, – деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмадилова.
Шара барысында цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесі мен жаңа бастамалар талқыланды. Әсіресе мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, «бір терезе» қағидаты арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, жасанды интеллектті денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс және инфрақұрылым саласына енгізу мәселелері көтерілді.
- Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттік басқаруда ғана емес, әлеуметтік салада да кеңінен қолданыс табуда. Шығыс Қазақстан облысында «Цифрлық құжат айналымы», «Ақылды қала» жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл бастамалар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың жұмысын жеделдетуге септігін тигізеді. Ең бастысы – жаңа технологияларды дұрыс қолдану және білікті мамандар даярлау, – деді ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының Цифрландыруды дамыту және ақпараттандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Ахметова.
Диалог алаңы аясында сарапшылар жастардың цифрлық білімін арттырудың, IT мамандарын даярлаудың өзектілігін атап өтті. Сонымен бірге жасанды интеллектті енгізу кезінде киберқауіпсіздік пен жеке деректерді қорғаудың ерекше маңызға ие екені де айтылды.
Пікірлер