Бүгін Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің сарбаздары мен офицерлері Қарттар күніне орай «Қамқор» әлеуметтік үйіне арнайы барып, қарияларды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz.
Бұл бастама – аға буынға құрмет көрсетіп қана қоймай, жастардың рухани тәрбиесіне үлес қосатын игі іс. Кездесу барысында әскери қызметішлер қарттарға мерекелік сый-сияпаттарын табыс етіп, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ сарбаздар мен клуб үйірмелері дайындаған концерттік бағдарлама қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйге толы әсем кеш қарттардың жанын жадыратып, жүздеріне қуаныш ұялатты.
Әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Мақсат Қалмырзаев өзінің құттықтау сөзінде үлкендерді құрметтеу – әр азаматтың басты парызы екенін атап өтті.
– Қарттар күні – баршамыз үшін ерекше мереке. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі мен ақ батасы – сарбаздарға үлкен өнеге. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – ардагерлерге қуаныш сыйлап қана қоймай, сарбаздарымыздың бойына ізгілік пен аға буынға деген сыйластықты сіңіру. Осындай кездесулер жас ұрпаққа үлкен тәрбие береді, – деді ол.
Іс-шараға Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасы басшысының орынбасары Арман Қалымов та қатысып, қарияларға жүрекжарды лебізін арнады.
– Баршаңызды Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қарияларға қамқорлық жасау – біздің азаматтық әрі адамгершілік міндетіміз. Сіздерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін. Біз әрқашан сіздерге сүйеніш болуға дайынбыз, – деді Арман Қалымов.
Қамқорлық пен мейірімге толы бұл шара әлеуметтік үй тұрғындарының ғана емес, жас сарбаздардың да жүрегіне жылылық ұялатты. Қариялар өз кезегінде ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, сарбаздарға ақ батасын берді.
Пікірлер