Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Бейсембаеваның айтуынша, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу - тек полиция органдары үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе.
– Біздің негізгі мақсатымыз – кәмелетке толмаған жастардың құқық бұзушылықтарды болдырмау және олардың құқықтарын қорғау. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, балалар қылмысының көпшілігі отбасындағы тәрбие мен ата-ана бақылауының жеткіліксіздігінен туындайды. Қылмыстың көбі сабақтан тыс уақытта болады, – деді ол.
Осы ретте білім беру мекемелері мен әкімшілік аумақтарда жасөспірімдердің ата-аналарымен және ұстаздармен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ҚР Әкімшілік және Қылмыстық кодекстің талаптары кеңінен түсіндірілуде.
Биыл өңірде 5800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қазіргі таңда облыста 291 қолайсыз отбасы және 150-ден астам жасөспірім полиция бөлімшесінің есебінде тұр.
– Полиция тарапынан жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, заң мен тәртіп аясында уәкілетті органдармен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Айгерім Ержомартқызы.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер