A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 11:00 0

Өскеменде білім беру саласының майталмандары марапатталды

Бүгін / Өскемен

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Ұстаздар күніне арналған «Жаңа дәуір ұстазы: интеллект, еңбек және адалдық» атты салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ШҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, «ШҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» және өзге де орталық институттар өкілдері қатысты. ДББҰ НЗМ педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің кәсіби дамыту институтының, облыстық білім басқармасының, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледжердің басшылары, білім беру саласының ардагерлері мен өңір ұстаздары да құрметті қонақтар қатарынан табылды.
Келген меймандар алдымен филармония фойесіндегі көрмені тамашалады. Онда облыстағы мектеп және колледж білім алушыларының қолынан шыққан туындылар, оқу және әдеби кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. 
Салтанатты шара барысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, білім беру саласындағы өзгерістерге тоқталып өтті. 
- Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз жай ғана білім беруші емес, ол – ел болашағының сәулетшісі. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының оқытушы қауымға деген зор сенімін айрықша атап өткім келеді. Мемлекет басшысы «Ұстаз — ұлттың шамшырағы» деп мұғалім мәртебесін жаңа биікке көтерді. Бұл әр педагогке жүктеліп отырған тарихи миссияның, қоғам алдындағы мол жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жоғары педагог мәртебесіне тек мектеп мұғалімдері ғана емес, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру, балабақша қызметкерлері мен қосымша білім беру жүйесінің қызметкерлері де лайық. Көрнекті халық ағартушысы, жазушы және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деген сөзі бар. Шынында да, ұстаздың орны ерекше. Ол әр адамның өміріндегі маңызды тұлға. Кәсіби мереке қарсаңында шығармашылық шабыт, зор денсаулық тілеймін! Тәрбиелеген шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап, ел игілігіне қызмет ететініне сенемін, - деді Нұрымбет Аманұлы. 
Жиында бірқатар білім беру саласының қызметкеріне «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, ШҚО әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. 
Аймақ басшысының қолынан «Еңбек ардагері» медалін алған Гүлмира Ілиясова ұстаздық жолын осыдан 45 жыл бұрын бастаған. 
- Педагог ретіндегі қызметімді мектептен бастадым. Кейін аудандық білім бөлімінде, облыстық білім басқармасында жұмыс істедім. Бүгінде білім саласы қарқынды дамып келеді. Екі жылдан бері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Оқушыларға білім беріп қана қоймай, тәрбиесіне де назар аудару керек. Оларды өз елінің нағыз патриоты етіп тәрбиелеу әр ұстаздың маңызды міндеті деп санаймын. Бүгін мерекелік шараға шақырылып, арнайы марапатқа ие болдым. Осы сәтте институтты енді аяқтап, ұстаз ретінде мектепке келген кезім көз алдымнан өтті. Содан бері қанша уақыт сырғыды. Бірақ ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Керісінше мамандығыммен мақтанамын, - деді Гүлмира Бейсенбайқызы.
Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов Үлкен Нарын аудандық білім бөлімін «Үздік білім бөлімі – 2025», ал Өскемен жоғары политехникалық колледжін «Үздік колледж» номинациясымен марапаттады. 
Салтанатты жиын әртістер мен шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив