Өңірде ауа температурасының +10 °C-тан тұрақты түрде төмендеуіне байланысты 1 қазанда жылыту маусымы басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір орталықтандырылған жылу Өскемен, Риддер қалалары мен солтүстік аудандарда қосылды.
Өңірдегі балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер сынды әлеуметтік нысандар жылуға бұдан ертерек қосылған. Қалған аудандарда жылу кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылуға қосу техникалық регламенттерге сәйкес жүргізілуде.
Облыстағы 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жылыту маусымына толықтай әзір. Оларды қосу температуралық кескеге сәйкес жүргізіліп келеді.
Өңір бойынша 52,8 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Жалпы ұзындығы 537 шақырым электр желісі, 39 қосалқы станция және 55 трансформаторлық қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті.
Апаттардың алдын алу мақсатында 243 шақырым электр желісі бойында орналасқан ағаш бұтақтары кесілді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Облыстағы үш жылу электр орталығы толықтай жұмыс істеп тұр. Риддердегі орталықтың жылыту маусымына дайындығына баса назар аударылған. Онда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қуат резерві жасалды. Биыл жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 23 учаскесі жөнделді.
Инженерлік желілер мен жылу көздерінде техникалық ақаулар туындаған жағдайда коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Апаттық бригадалар құрылып, қажетті техникамен және материалдармен қамтамасыз етілді.
ҚР Энергетика министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қаражыра» АҚ-мен бірге өңірге отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс қолға алынған. Қазір бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтылып, халық үшін 332,4 мың тонна көмір (жоспарланған көлемнің 73%-ы) дайындалды. Көмір бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп келеді. Барлық жылу көзінде көмірдің нормативті қоры, яғни кем дегенде 20 тәулікке жететін 424,4 мың тоннасы бар.
Жергілікті атқарушы органдар көмірдің жеткізілуін күнделікті бақылап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.
Пікірлер