ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қаржылық қауіпсіздік диктантының (FinIQ) басталатынын хабарлайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Диктант 10–20 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Мақсаты – қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық тәуекелдері туралы хабардарлығын күшейту және жеке қаржыны қауіпсіз басқару мәдениетін қалыптастыру.
Диктантқа 6–11 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қаржылық мониторинг субъектілері қатыса алады.
Іс-шара онлайн форматта, AML Академиясының сайтында (https://amlacademy.kz/finiq) 20 сұрақтан тұратын тест түрінде ұйымдастырылады. Өту уақыты – 25 минутқа дейін. Тапсыру саны – шектеусіз.
Дұрыс жауаптардың кемінде 50%-ын (10 және одан көп) жинағандарға Қатысушы сертификаты табысталады.
80% және одан да көп (16 және одан көп) дұрыс жауап бергендер Жеңімпаз дипломына ие болады.
Әр өңірде диплом алған алғашқы 10 жеңімпаз естелік сыйлықтармен марапатталады.
- Азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен қырағылығын арттыру – ұлттық қаржылық қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі. Біз барлық қазақстандықтарды диктантқа қатысып, өз білімдерін тексеруге шақырамыз, - делінген ресми ақпаратта.
Агенттік өкілдері ел тұрғындарын жасына және қызмет саласына қарамастан бастамаға қосылып, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға өз үлесін қосуға үндейді.
Пікірлер