Әлеуметтік желілерде түнгі уақытта мас күйінде жол апатына түскен прокурор туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, қалалық прокуратура қызметкері Вилори Пан 26 мен 27 қыркүйекке қараған түні Hyundai Accent көлігін айдап келе жатып, Победа даңғылында жарық бағанасына соғылған.
Жол апатынан соң ол көлігін тастап қашпақ болған. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық сараптамаға жеткізеді. Тексеру нәтижесінде оның қанында алкоголь анықталған, ал жедел зәр талдауы марихуана қолданылғанын көрсетті.
- Құқық қорғау органының беделін түсіретін әрекет жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Пан В.Б. Қазақстан Республикасының “Құқық қорғау қызметі туралы” заңының талаптарына сәйкес қызметінен босатылып, “1-сыныпты заңгер” сыныптық шенінен айырылды, – деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.
3 қазан 2025 жылы Өскемен қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Пан әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен бұрынғы прокурорға 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Пікірлер