Дәстүрлі акцияның мақсаты – сүт безінің қатерлі ісігі туралы кеңінен ақпарат тарата отырып, әйелдер арасында ерте диагностиканың және аурудың алдын алудың маңызын насихаттау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының деректері бойынша осы жылдың 9 айында облыста сүт безі обырының 224 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 214 жағдай анықталған. Диагноздардың көбі скринингтік тексерулер барысында қойылып отыр.
Профилактикалық тексерулер нәтижесінде 9 айда сүт безі қатерлі ісігінің 64 жағдайы (0,17%) анықталды. Оның ішінде I сатыда – 39 жағдай (52,7%), II сатыда – 25 жағдай (47,3%).
«Қызғылт қазан» айлығы аясында 18 қазанда ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында Ашық есік күні өтеді. Әйелдер маммологтың қабылдауынан тегін өтіп, маммография жасатып, мамандардың кеңесін ала алады.
Орталық директоры Гүлмира Сағидуллина әйелдердің скринингтік бағдарламаларға қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Скрининг ауруды емдеудің ең тиімді кезеңі – ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Өзіңе қамқорлық жасаудың бастауы – профилактика. Сондықтан тексерілуді кейінге қалдырмай, уақтылы өтіп отыру қажет, – дейді ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры.
Айта кетейік, 40-70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тұрғылықты жері бойынша емханада тегін маммографиялық скринингтен өте алады.
Айлықтың символы – қызғылт лента әйелдерді өз денсаулығына назар аударуға және ерте диагностиканы бір нәрсені естен шығармауға үндейді.
Пікірлер