Әлеуметтік желіде Зайсан ауданындағы ауыл әкімнің бейәдеп сөздер айтқан видеосы тарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұған қатысты облыс әкімдігі тарапынан түсініктеме берілді.
— Ауыл әкімінен ресми түсініктеме талап етілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолдады. Онда қызметтік әдеп нормаларының бұзылу мәселесі қаралады. Мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Облыс басшылығы былапыт сөз қолдануға, әдепсіз қылық танытуға түбегейлі қарсы, — делінген ақпаратта.
Егер мұндай жағдай қайталанса, қызметкерлерге ең қатаң тәртіптік шаралар қолданылатыны ескертілді.
Айта кетейік, Қазақстанда бейәдеп сөздерді көпшілік алдында айтуға заңмен тыйым салынған. Бұл жағдай ӘҚБтК-нің 434-бабы – "Ұсақ бұзақылық" бойынша қарастырылады.
Егер адам көпшілік жерде былапыт сөз айтып, айналасындағыларға тіл тигізсе немесе қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет жасаса – бұл ұсақ бұзақылық болып саналады.
2023 жылдың 6 наурызында күшіне енген жаңа өзгерістерге сәйкес мұндай әрекет үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 5-15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Егер бұл әрекет қайталанса, қамау мерзімі 30 тәулікке дейін ұзартылады.
Пікірлер