A+ A A-

talgatzhan 31 8-10-2025, 15:00 0

Құрылыс саласындағы жалған компанияларды анықтаудың тетігі іске қосылады

Бүгін / Республика

Көптеген компания мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

- Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарында. Ел аумағының 45 пайыздан астамы жойқын жер сілкініс қаупі бар аймақтарға жатады. Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді, - деді Ерсайын Нағаспаев Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде.
Оның айтуынша, қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды. Бұл жерде сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызға ие. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылатын болады. Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу стратегиялық маңызды қадам.
- Салада сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нарық қатысушыларының біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру маңызды. Қазірде салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Олардың 58,5 мыңнан астамы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге, 16,5 мыңнан астамы жобалауға, 5 мыңнан астамы құрылыс алдындағы зерттеу жұмыстарына берілген. Бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсетеді.
Алайда, талдау нәтижесінде көптеген компания мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды.
Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Мұндай жағдай сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр.
Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электронды тізілімі құрылады, - деді ведомство басшысы.
Бұл тұрғыда берілген барлық рұқсат қайта қаралып, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеріледі. Сәйкес келмейтін компанияларды тізімге енбейді. Осылайша адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.
Сонымен қатар, тағы бір өзекті мәселе ол – қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр. Осыған байланысты негізгі халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуропа одағының озық тәжірибесіне сүйене отырып, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл рәсімді мемлекет емес, нарықтың өзі, яғни тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады. Бұдан бөлек, тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу фактісі анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделген.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив