Биыл Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының басталғанына 120 жыл, Шығыс Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына 105 жыл, ал Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2025 жыл — кәсіподақтар үшін мерейтойлы жыл екен. Соны жер-жерде ауқымды түрде атап өтіп жатыр. Кәсіподақтар жұмысшылар құқықтарын қорғап, олардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қоғамдық институт. Бүгінде еліміздегі кәсіподақ қозғалысы сапалы жаңғыру кезеңіне аяқ басып, басты назарды еңбек адамына аударуда.
– Бүгінгі іс-шаралар халқымыздың басынан өткен тарихтың, уақыттың көрінісі. Сондықтан осындай мерейтой кәсіподақ қозғалысының негізіне айналып отыр. Бүгінде кәсіподақтар жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тепе-теңдікті сақтап, олардың құқықтарын қорғау жолында нәтижелі еңбек етіп келеді, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Ал ШҚО кәсіподақтар орталығының құқықтық мәселелер бойынша бас маманы Әділбек Нүрпейісов кәсіподақтар өз қызметін тоқтатпайтынын алға тартты.
– Ұйымның басты мақсаты – еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қазіргі кәсіподақ жүйесі жаңарып, қатарға жаңа буын өкілдері қосылды. Кәсіподақ жұмысы жоғары деңгейде атқарылып келеді, – деп атап өтті.
Мерейтой аясында кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан бірқатар азамат Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Пікірлер