Бүгін облыс орталығында Бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин қатысты.
- Бүгін өңіріміз бен еліміздің бүкіл агроөнеркәсіптік кешен саласы үшін маңызды күн. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес құрылған Бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасын ашып отырмыз. Зертханалық кешен ғимаратына 800 млн теңгеден астам сомаға күрделі жөндеу жүргізіліп, Қытайдан әкелінген 66 зертханалық жабдық орнатылды. Соның нәтижесінде топыраққа, жем-шөпке, тұқымға, суға және мал шаруашылығы өнімдеріне кешенді зерттеу жүргізуге жол ашылды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Халықаралық және қытайлық стандарттарды енгізу арқылы шығысқазақстандық шаруалардың өнімдері шетелдік нарыққа шығып, Шығыс Қазақстанның экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіретін аймақ ретіндегі беделі нығая түспек.
Сонымен қатар салтанатты шара барысында дезинфекциялық залалсыздандыру қондырғысы бар 13 "Газель", мал тасымалдайтын 6 арнайы автокөлік, 1 инсинератор табысталды. Ветеринариялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғаудың заманауи талаптарына толық сәйкес келетін бұл көліктер елді мекендерде жылжымалы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге арналған.
Пікірлер