A+ A A-

talgatzhan 32 Кеше, 10:50 0

ШҚО-да жылыту маусымына дайындық қалай?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы ресми түрде 1 қазаннан басталды. Ал 3 қазан күні Өскемен және Риддер қалаларында журналистер үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, қатысушыларға жылыту маусымына дайындық барысы таныстырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Баспасөз турының алғашқы нысаны – Өскемен жылу электр орталығы болды. Мамандардың айтуынша, жылу беру маусымына дейін негізгі жабдықтар мен технологиялық желілер толық жөндеуден өткізілген. Мұнда қысқы режимге көшу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта стансада 5 қазандық пен 3 турбоагрегат іске қосылған. Жылу тасымалдағыш айналымы – сағатына 10 000 тоннаға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш екі күнде 6 000 тоннаға артқан.

– Биыл станцияда ашық тарату құрылғысы (ОРУ-1) жаңғыртылып, жоғары қысымды бу құбырлары толық ауыстырылды. Ал көмір қорына келсек, қазір 240 мың тонна отын бар, бұл 48 күнге жетеді. Норматив – 20 күн, – деді «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық пайдалану жөніндегі директорының орынбасары Жандос Тұраров.

Келесі аялдама – «Шығыс жылу» АҚ-ға қарасты №2 қазандық. Қазіргі уақытта бұл қазандық Ертістің сол жағалауындағы тұтынушыларды жылумен қамтып отыр. Қуаты – 130 Гкал/сағ.

– Қазандықтағы барлық жылу көзі іске қосылды. Қала қазіргі қуатпен қамтылғанымен, болашақта кеңейетінін ескере отырып, екі қосымша агрегат орнату және жаңа ЖЭО салу жоспарланып отыр, – деді «Шығыс Жылу» АҚ жылу өндіру департаментінің директоры Игорь Заруднев.

Биыл мұнда жүзеге асқан ең ірі жоба – №5 қазан агрегатын күрделі жөндеу, оның құны 68 млн теңге болған.

Баспасөз турының соңғы нүктесі – Риддер қаласы. Қатысушылар Риддер ЖЭО жұмысымен танысып қана қоймай, алдағы қыс маусымына жасалып жатқан шаралар туралы ақпарат алды. Соңғы жылдары бірнеше рет апаттық жағдайлар орын алған бұл қалада биыл жылыту маусымы 24 қыркүйекте басталып кетті. Алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беріліп, кейін тұрғын үйлер қосылған.

– Бүгінде №1 және №2 қазан агрегаттары жұмыс істеп тұр. №3 қазан гидросынақ кезеңінде, оны 10 қазанға дейін іске қосу жоспарланып отыр. Ал №6 агрегат жөнделу үстінде, №4 және №5 – резервте, – деді «Шығыс Жылу» АҚ Риддер қалалық филиалының бас инженері Дмитрий Дягель.

Биыл Риддерде ұзындығы 6 шақырым болатын 23 жылу желісі жаңартылды. Қазіргі кезде 29 мың тонна көмір мен 250 тонна мазут қоры бар. Қосымша үш цистерна отын жеткізу жоспарланған.


БАҚ-пен брифинг: Жылыту маусымы қалай өтіп жатыр?

Баспасөз туры барысында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов БАҚ өкілдерімен кездесіп, жылыту маусымына дайындық жайында баяндама жасады.

– Аймақтың барлық әлеуметтік нысаны жылумен қамтылған. Жоспарлы қосу жұмыстары техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асып жатыр. Осы уақытта Өскемен, Риддер қалалары, Алтай, Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үлкен Нарын мен Шемонаиха аудандары жылуға қосылды. Қатонқарағай мен Самар – 3 қазаннан, Марқакөл – 4 қазан басталды, – деді Нұрлан Рамазанов.

Оның айтуынша, облыс бойынша:

190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жөнделген;

52,8 шақырым жылу желісі, 537 шақырым электр желісі жаңартылған;

39 трансформаторлық станция мен 55 трансформаторлық пункт жөндеуден өтті;

243 шақырым электр желілері бойындағы ағаштар кесілген.

Бюджеттік мекемелер отынмен толық қамтамасыз етілсе, тұрғындар үшін 352,1 мың тонна көмір дайындалған. Бұл – жоспардың 78%-ы. Барлық жылу көзінде 424,4 мың тонна отын қоры бар, бұл 20 күндік нормативтен әлдеқайда артық.

– Көмірдің жеткізілуі мен бағасы күн сайын бақылауда. Бұл іске ҚР Энергетика министрлігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қаражыра» АҚ тартылған, – деді басқарма басшысы.

Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін технологиялық бұзылу кезінде әрекет ету алгоритмдері әзірленіп, қажетті техникасы мен материалы бар авариялық бригадалар жасақталған.

Бүгінде Шығыс Қазақстандағы үш ірі ЖЭО жылыту маусымына толық дайын. Олар штаттық режимде жұмыс істеп, өңір тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтуда.

Былтыр Жібек маталар комбинаты ықшамауданында 1 күн жылу болмаған. Биыл бұл жағдай қайталана ма деген сұраққа басқарма басшысы жауап берген болатын.

– Иә, өткен жылы шынымен де сондай жағдай тіркелді. Жылу беру жүйесінде туындаған ақаудың нақты себебін анықтау үшін бір тәулік қажет болды. Одан кейін жедел түрде жөндеу жүргізіліп, жылу қайта қосылды. Биыл бұл жағдайдың қайталануына жол бермеуге бар күшімізді саламыз. Қазірдің өзінде барлық жүйе тексеріліп, дайындық жұмыстары толық аяқталды. Сондықтан биыл тұрғындар жылудан қол үзбейді деп сенеміз, – деді Нұрлан Рамазанов.

Облыста биылғы жылыту маусымына дайындық жоғары деңгейде жүргізілгені байқалады. Өскемен, Риддер және басқа да елдімекендерде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, қазандықтар мен ЖЭО-лар толықтай қысқы режимге көшкен. Отын қоры жеткілікті, жөндеу жұмыстары уақытында аяқталған, ал апаттық жағдайлардың алдын алу үшін арнайы шаралар қабылданған. Жергілікті билік былтыр болған келеңсіздіктердің қайталануына жол бермейміз деп сендіріп отыр. Қыс қаһарына мінбей тұрып, жүйелі дайындықтың жүргізілуі – алдағы айларды қалыпты әрі тұрақты өткізуге негіз болмақ.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив