Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Әр өтініш мұқият тыңдалып, тиісті басқармалар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен тұрғындары жатақхананы қала балансына өткізіп, өздері тұрып жатқан бөлмелерді жекешелендіріп беруді сұрады. Осылайша, олар келешекте өз баспаналарын алуға қаражат жинағылары келеді. Алайда бірнеше жалға алу келісімдерінің мерзімі аяқталып қойған. Соған байланысты облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтардың мұқтаждығын ескере отырып, адамгершілікттен аттамай, әділ шешім қабылдау қажеттігін тапсырды.
Бұдан бөлек, ата-анасынан айырылып, ауыр материалдық жағдайда қалған студент қыз аймақ басшысынан көмек сұрады. Енді ол «Стоматология» мамандығы бойынша грантта оқитын болды. Сондай-ақ студент қажетті киім-кешекпен және азық-түлікпен қамтылады. Осылайша, қызға құр уәде берілмей, нақты қолдау көрсетіледі.
Қабылдауда қалқанша бездің сирек әрі агрессивті ісік түрімен ауыратын науқастың өтініші қаралды. Емделу үшін елде тіркелмеген, қымбат дәрі-дәрмек қажет болуы мүмкін. Осыған байланысты ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына препаратқа деген қажеттілікті есептеп, мәселені мәслихат қарауына енгізу тапсырылды. Сөйтіп, науқас адамға көмек көрсету үшін нақты қадам жасалмақ.
Бұдан өзге, инвесторлар өңірде туристік нысан салу жобасын ұсынды. Облыс әкімі ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына кәсіпкерге қажетті құжаттарды рәсімдеуге және инженерлік инфрақұрылым жағын зерделеуге жәрдемдесуді тапсырды. Егер жоба талаптарға сай болса, ол өңірлік қолдау механизмдері арқылы жүзеге асуы мүмкін. Соның нәтижесінде аймақта жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қабылдау барысында айтылған әр өтініш бақылауға алынды. Келісімшарттардың заңдылығы тексеріліп, тиісті мемлекеттік органдар мен мәслихатқа ұсыныстар дайындалып жатыр. Берілген тапсырмалардың орындалуын облыс әкімі жеке бақылауына алды.
Пікірлер