Осы аптада Шығыс Қазақстан үшін аса маңызды автожолды қайта жаңарту жұмыстарының барысын "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев арнайы келіп тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Березовка ауылы арқылы өтіп, Бұқтырма су қоймасына апаратын жол учаскесі бұрыннан бері жүргізушілер үшін қиындық туғызатын.
– Қазір жер төсемін дайындау жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Жыл соңына дейін осы учаскеде көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр, - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Құрылысшылар үшін жалғыз кедергі – ауа райының тұрақсыздығы.
– Негізгі қабаты төселді, ірі және ұсақ түйіршікті қиыршық тастардың тегістеу қабаты дайын. Ауа райы жақсарса, қиыршық тасты-мастикалық асфальт төсеуге кірісеміз. Техника, қажетті құрал-жабдықтар мен мамандар жеткілікті. Жұмыс кестеге сай тапсырылады. Жаңбыр кедергі келтірген күндері де жұмысты тоқтатпауға тырысамыз. Жол жиегінің бұзылуын болдырмас үшін шеткі бөліктерге себу жұмыстарын жүргіземіз, – деді "Kurylys Group RK" ЖШС басшысы Александр Андрейчук.
Пікірлер