Зайсан аудандық сотында Шілікті ауылының әкімі азамат Т.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, 6 қазан сағат 15:00 шамасында лауазымды тұлға қызметтік кабинетінде ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше айналасындағыларға құрметсіздік танытып, бейәдеп сөздер айтқан.
Сот процесі барысында азамат Т. өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға қатысты балағат сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, көпшіліктен кешірім сұрады.
Әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны сотта қаралған бейнежазбамен, куәлардың айғақтарымен және өз түсініктемесімен расталды.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен ауылдық округ әкімі ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер