Ауыл шаруашылығы күні аясында Тарбағатай ауданында алғаш рет мал союдан жарыс ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – ата-бабамыздан қалған жіліктеу, табақ тарту дәстүрін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарысқа ауданның бірнеше ауылдық округі қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынды Құйған ауылдық округі иеленді. Жүлделі екінші орынға, Жаңаауыл ауылдық округі, ал үшінші орынға Маңырақ ауылдық округі ие болды. Төртінші орынды Жетіарал ауылдық округі иеленді.
- Мал сою – қазақ тұрмысындағы ерекше өнер. Әр жіліктің өз орны, өз сыбағасы бар. Сойылған малды дұрыс жіліктей білу – қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет ұстанымын көрсетеді. Бабаларымыз «жілікті білмеген — жігіт емес» деп бекер айтпаған. Осы игі бастама арқылы ауданымызда ұлттық дәстүрімізді дәріптеу, жастарға үйрету, ұмыт бола бастаған табақ тарту әдебін жаңғырту көзделіп отыр, - делінген Тарбағатай ауданы әкімдігінің ақпаратында.
Алдағы уақытта бұл жарыс ауқымын кеңейтіп, аудандық деңгейден өңірлік дәстүрлі шараға айналарына сенім мол.
Пікірлер