8 қазан күні Тарбағатай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Ақжар ауылында орналасқан облыстық фтизиопульмонологиялық диспансердің қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға аудан әкімі Дархан Жөргекбаев төрағалық етті.
Кездесуге ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы» КМК бас дәрігері Райфа Сафиоллинова, облыстық мәслихат депутаты Болат Жұмабекұлы, аудандық мәслихат төрағасы Өмірхан Әйкенұлы, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Рахметоллаевна және фтизиопульмонологиялық орталықтың барлық 47 қызметкері қатысты.
Аудан басшысы Дархан Шомпайұлы орталықтың жабылу себептерін түсіндіріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндады.
Белгілі болғандай, фтизиопульмонологиялық орталықтың ғимараты аудандық аурухана балансына алынып, политравмалық бөлім ашылады. Нәтижесінде ауруханадағы төсек саны 15 орынға артады. Сондай-ақ ғимарат толық дезинфекциялық тазалаудан өткізіліп, жылыту жүйесі, көмір отынымен қамтамасыз етіліп, қыс бойы іске қосылып тұрады.
Естеріңізге сала кетейік, фтизиопульмонологиялық орталық 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген еді. Қазір ауруханада 2 дәрігер, 12 медбике (оның 2-уі декреттік демалыста), 22 санитар және 11 кіші қызметкер жұмыс істейді.
Жиын барысында аудандық білім бөлімі, орталық аурухана және оңалту орталығы тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылды. Қазір аудандық білім бөлімі, аудандық ауруханаға және оңалту орталығына жұмысқа орналасатын болды. Сонымен қатар «Балауса» балабақшасына 1 қызметкер, аудан әкімінің аппаратына 1 қызметкер жұмысқа орналасуға ұсыныс айтылды.
Фтизиопульмонологиялық орталықтың қалған қызметкерлері де толық жұмыспен қамтылғанға дейін аудан әкімінің жеке бақылауында болады.
Пікірлер