Қатерлі ісіктің таралуынан сүт безі обыры бірінші тұр, одан әрі колоректалды обыр, өкпе, асқазан және жатыр мойны обыры келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, онкологиялық аурулардың таралуы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары алда. Бұл өңірлерде сырқаттанушылықтың жоғары болуы көбіне экологиямен байланысты, соның ішінде көптеген ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыс істеуінен, ауаның, судың және топырақтың ауыр металдармен ластануынан болуы мүмкін. Сондай-ақ, артық салмақ, қозғалыстың аздығы, темекіні, алкогольді, жануарлар майын көп тұтыну онкологиялық ауруларға шалдығуа әкелетін факторлардың бірі.
- Осы жылдың жеті айында ғана 24,5 мың адамға алғаш рет диагноз қойылды. Жалпы ел бойынша сырқаттанушылықтың тіркелуі 513 жағдайға төмендеп отыр. Қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткішінде бірінші орында өкпе обыры, одан әрі асқазан обыры, колоректалды обыр және сүт безінің обыры келеді, - дейді министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры Гүлнара Сәрсенбаева.
Маманның айтуынша, тұрғындар бекітілген қағидаларға сәйкес жас ерекшеліктеріне қарай скринингтік зерттеп-қараулардан өте алады. Онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында елімізде сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректальды обырды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеп-қарау жүргізіледі.
- Бұрын қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіретін адамдарға ғана тегін болатын. Ал енді, биылғы жылдан бастап, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, онкоскринингтер, мысалы, сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек обырына арналған тексерулер сақтандырылмаған азаматтар үшін де тегін болып отыр. Осының арқасында скринингтен өтетін адамдардың үлесі 70%-дан 90%-ға дейін өседі, - дейді Гүлнара Сәрсенбаева.
Пікірлер