«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыс орталығында Риддер қаласының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының фойесіндегі көрмеде кеншілер шаһарының мәдени, рухани және шығармашылық жетістіктері таныстырылды.
– Біз бұл шара арқылы қаламыздың өсіп-өркендеуін, жеткен жетістіктерін көрсетуді мақсат етеміз, – деді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.
Көрмеде Достық үйі мен Сурет музейі өз жұмыстарын ұсынды. Мұражай қызметкерлері Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай және оның замандастары» атты кітап және сурет көрмесін көпшілік назарына паш етті. Сондай-ақ қолөнер бұйымдары мен спорт саласындағы жетістіктер де көрерменге ұсынылды.
– Риддер қаласының мәдени ұйымдары мен білім ордалары өздерінің үздік жобаларын таныстырды. Мектеп оқушылары робототехника бағытындағы жұмыстарын көрсетті, – деді қалалық кітапхананың директоры Айна Қасенова.
Сонымен қатарт Риддер колледжі мамандықтар бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
– Колледжде 16 мамандық пен 32 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Осы шара арқылы біз студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін көрсетуге тырыстық, – деді колледж мұғалімі Жансая Берікболова.
Шара соңында Риддер қаласының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары көрерменге мерекелік концерт ұсынды.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер