Өскемен қаласындағы ірі сауда орындарында «Берекелі Fest» республикалық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігі бастамасымен ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау және халыққа қолжетімді тауар ұсыну.
ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, Республика күніне орайластырылған акция 25 қыркүйекте басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады.
— Акцияның басты мақсаты — бірінші қажеттіліктегі өнімдердің бағасын ұстап тұру. Өскемендегі супермаркеттер мен дүкендерде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы 5–10 пайызға төмендетілді. Бұл кәсіпкерлердің өз еркімен қабылдаған әлеуметтік жауапкершілік шарасы. Тұрғындар сауда орындарында арнайы «Берекелі Fest» логотипі бар өнімдерге назар аударуы керек, — деді ол.
Департамент өкілдері акция кезінде бағаның негізсіз өспеуін тұрақты бақылауда ұстайтындарын атап өтті. Көптеген кәсіпкерлер бастаманы қолдап, өз тауарларын жеңілдікпен ұсынуда. Өскемендегі «Алтай маркет» сауда орталығы да акцияға белсенді қатысып отыр. Сауда орнының әкімшісі Арай Қалиева бұл бастама сатып алушылар санының артуына ықпал еткенін жеткізді.
— Сүт өнімдері, ұн, қант, күріш, шай және тұрмыстық тауарларға жеңілдіктер жасалды. Нәтижесінде, келушілердің саны артты, әсіресе демалыс күндері сатып алушылар көп келеді, — деді ол.
«Алтай маркет» тәулік бойы жұмыс істейді. Кең сауда залы, ыңғайлы тұрақ және тауар түрінің көптігі тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды. «Берекелі елдің сөресі толы болсын, әр үйге береке орнасын!» ұранымен өтіп жатқан акцияға «City Center» және басқа да сауда орындары ат салысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама тұрғындар тарапынан оң пікірге ие болып, алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасуы мүмкін.
Пікірлер