Өңірде республикалық маңызы бар “Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы” тасжолын орташа жөңдеу жалғасуда. Жалпы ұзындығы 120 шақырымды құрайтын жолдың 93 шақырымын қалпына келтіру, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрылыс жұмыстарына арнайы 82 техника және 138 маман жұмылдырылған.
Қазір суық ресайклинг әдісімен 75 шақырым жол учаскесінің негізі қалпына келтірілді, 66 шақырымында төменгі қабат, ал 51 шақырымында жоғарғы қабат төселді. Сонымен қатар жол жиегін бекіту, су өткізу құрылымдарын орнату, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жол белгілері мен тосқауыл қоршауларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылып, барлық жұмыс нормативтік талаптарға сай орындалуда.
Айта кету керек, 1175–1191 шақырым және 1194–1212 шақырым аралығындағы жол учаскесі, атап айтқанда 1211–1212 шақырым бөлігі «Үбе» өткізу пункті аумағындағы бейтарап аймақты қамтиды. Орташа жөндеу жұмыстары аясында Қазақстан Республикасы тарапынан кіреберіс пен шығаберісті 12 метрге дейін кеңейту көзделген. Бұл өткізу қабілетін арттыру мақсатында жасалуда.
Аталған тасжол халықаралық және облыстық маңызға ие болып, сауданың, туризмнің, логистиканың дамуына, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы экономикалық байланыстардың кеңеюіне ықпал етеді.
Пікірлер