Қылмыстық кодекске «Сталкинг» бабы енгізілген сәттен бері екі іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Қолданысқа енгізілген сәттен бері 2 қылмыстық іс қозғалды — Атырау және Павлодар облыстарында. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бұл арыз бойынша қозғалған істер, — деді Ержан Сәденов Ішкі істер министрлігінде өткен Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, Азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 — «Сталкинг» жаңа бабы енгізілген заңға қол қойды.
Сталкинг — бұл адаммен қарым-қатынас орнатуға және (немесе) оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспаған, елеулі зиян келтірген әрекеттерді білдіретін адамды заңсыз қудалау. Отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделген.
Пікірлер