20 қазаннан бастап жаңа бизнес бастамаларды қолға алу және дамытуға 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде грант алу үшін өтінім қабылданады. Биыл 3780 грант бөлу жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Грант конкурсына қатысу үшін үміткерлер business.enbek.kz порталына өтінім мен бизнес-жоспар жіберуі қажет.
Өтінім қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін үміткерлер business.enbek.kz порталындағы жеке кабинеттеріне бизнес-жобаны қорғау комиссиясының күні, уақыты және орналасқан жері туралы хабарлама алады. Әрбір қатысушы бұл қаржыландыруды тек бір рет ала алады.
Грантқа үміткерлер ретінде тіркелген жұмыссыздар да, үш жылға дейін тіркелген жеке кәсіпкерлер де бола алады. Олар келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы керек:
мүгедектер;
жарамды «кандас» мәртебесі бар тұлғалар;
аймақаралық мигранттар;
аз қамтылған отбасы мүшелері;
көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы);
мүгедек баланы (зайыбын) тәрбиелеп отырған тұлға;
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сонымен қатар үміткердің үш жылдан аспайтын мерзімге «Bastau Business» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болуы керек.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелерді өтеуге, тұрғын үйді сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, акцизделетін тауарларды өндіруге берілмейді.
Гранттарды қалалық комиссияның шешімі негізінде еңбек ұтқырлығы орталықтары береді.
Қатысушылар өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Әрбір комитет мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және келесі критерийлер негізінде бағалау парағын толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының жетілгендігі, бизнес-жобаның қаржылық тұрақтылығы, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы.
Өтінім беру үшін порталға тіркелу, грантқа жарамдылығын тексеруден өту, дайын бизнес-жоспарды порталға жүктеу, өтінім формасын толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет.
Егер интернет немесе компьютер болмаса, өтінімді Мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аумағында немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
Егер комиссия мақұлдаса, өтінім беруші банк реквизиттерін көрсетіп, келісімге қол қояды. Тоқсан сайын қаражатты пайдалану туралы есеп беріп отыру керек. Мұның барлығы Еңбек ұтқырлық орталықтарының филиалдарына бармай-ақ электронды түрде жүзеге асырылады.
Қосымша ақпаратты 70-06-59 нөмірі бойынша немесе Шәкәрім даңғылы 149/10 (5 кабинет) мекенжайы бойынша алуға болады.
Пікірлер