«Алтай» халық би ансамблі мен «Барқытбел» этно-фольклорлық ансамблі ЮНЕСКО қолдауымен өткен Тайюань қаласындағы үшінші халықаралық өнер фестивалінде Гран-приді жеңіп алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды мәдени шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдардың басын қосты.
Шығысқазақстандық ансамбльдер қазақ халқының тарихы мен бай мәдени мұрасын сахна төрінде әсерлі түрде паш етіп, көрерменнің жүрегін шынайылығымен және шеберлігімен баурап алды.
Биыл «Алтай» ансамблі өзінің 5 жылдық мерейтойын атап өтуде. Халықаралық деңгейдегі бұл жеңіс ұжымның таланты мен табандылығының, өнерге деген адалдығының айқын көрінісі болып отыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Гран-при иегерлерімен кездесіп, жеңістерімен құттықтады.
- Қазақ өнері әлем жұртын сүйсінтіп, шабыттандырып келеді. «Алтай» мен «Барқытбел» – біздің мәдениетіміздің жарқын елшілері әрі Шығыс Қазақстанның мақтаныштары,– деді аймақ басшысы.
ЮНЕСКО өкілдері де шығысқазақстандық ансамбльдердің өнерін жоғары бағалап, оларды бүкіл құрлықтың үздіктері деп атады. Жеңіс жалауын желбіреткен жерлестеріміз ЮНЕСКО Президенті мен ұйымның Қытайдағы өкілінің атынан берілген Алғыс хаттарды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа табыс етті.
Айта кетейік, беделді халықаралық байқауға өнер ұжымдарының баруына ШҚО әкімі жеке қолдау көрсеткен.
Пікірлер