Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин қандай жағдайда қоғамдық көліктегі тарифтің 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер әлеуметтік желіде тараған автобус жолақысы 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжамға қатысты сұрақ қойды.
Ұлттық экономика вице-министрі тарифтің өсуіне ықпал ететін жалғыз экономикалық алғышарт – тасымалдау құнының артуы болуы мүмкін екенін түсіндірді.
– Мысалы, бензин бағасының өсуі. Бірақ тарифті көтеру туралы шешімді әрбір компания дербес қабылдайды. Бұл таза коммерциялық мәселе: сұраныс пен ұсынысқа байланысты, – деді ол.
Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жолақының 500 теңгеге дейін көтерілуі туралы мәлімдеме – жекелеген сарапшының пікірі ғана екенін атап өтті.
– Әрине, қоғамдық көлік халыққа бағытталған, сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер жолақы бағасы өссе, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, – деп толықтырды Ержан Біржанов.
Пікірлер