A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 12:20 0

ШҚО-да тау-кен металлургия кешеніне құйылған инвестиция төмендеп кетті

Бүгін / ШҚО

Қазір өңірдегі тау-кен металлургия кәсіпорындары біршама адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ бұл сала төңірегінде өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов алаңдайтындай жайттар бар екенін жасырмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның жалпы өңірлік өнімі құрылымына қарап, дамудың басты қозғаушы күші – өндірістік бағыт екенін алға тартты.  Яғни, бұл – өңдеу және тау-кен өнеркәсібі. Қазіргі уақытта бұл екі сала жалпы өңірлік өнімнің 40 пайызын құрап отырған көрінеді олар жаңа серпін мен инвестиция ағынын қажет етеді.
– Өңір экономикасында тау-кен металлургия кешенінің орны ерекше. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің шамамен 22 пайызын және өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, кешен аймақ үшін ірі жұмыс беруші болып саналады. Айталық, өткен жылы облыс бойынша жалақы қорына түскен қаражаттың 30 пайызы дәл осы тау-кен металлургия кәсіпорындарына тиесілі болды. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш жылжымайтын мүлік саласында небәрі 4 пайызды, ал мұнай өндіруде шамамен 16 пайызды құрайды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бір есептен, бұл деректер аталған саланың халық табысын тұрақты қамтамасыз етудегі рөлін айқын көрсетеді.
– Алайда, сала тұрақты дамып келе жатқанына қарамастан, соңғы үш жылда инвестициялық белсенділіктің баяулау үрдісі байқалады. Мәселен, 2022 жылы тау-кен металлургия кешеніне құйылған инвестициялар жалпы көлемнің 20 пайызын құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш небәрі 12 пайызға дейін төмендеген. Мұндай төмендеу өнеркәсіптің өсу қарқынына қауіп төндіріп, технологиялық жаңғырту мүмкіндіктерін шектейді, – деді аймақ әкімі.
Нұрымбет Сақтағанов осы мәселелерді ескере отырып, саланың дамуын жеделдетуді алға қойылған басты міндет санады. Бұл ретте Ново-Лениногор, Долинный және Чекмарь кенішін, сондай-ақ барлау жүргізілген басқа да кен орындарын игеру жұмысын жылдамдату маңызды.
– Жоспарға сәйкес, Тұғыл ауылында тау-кен байыту комбинатын салу, сондай-ақ «Алатау Литий» мен Crida Corporation компанияларының жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр, – деді әкім.

Асыл АЙТБАЕВ
Фотосурет tks.kz сайтынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив